Түркістан: қоғамдық қабылдауда 100-ден астам тұрғынның шағымы тыңдалды

Бүгінде Түркістан облысында партияның 17 қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет етеді.

7 ақпанда Шымкент қаласындағы Түркістан облысы әкімдігінің өкілдерінде "Ашық есік күні" қоғамдық қабылдауы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

"Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған қабылдауға Сайрам, Қазығұрт, Төлеби Сарыағаш, Келес, Ордабасы, Түлкібас және өзге де аудан, қалалардың тұрғындары келіп, өтініштері мен талыптарын айтты.

Оларды облыс әкімдігіне қарасты 23 басқарманың басшылары мен орынбасарлары, Түркістан облысының полиция департаменті мен "Ырыс" микроқаржы ұйымының жауапты өкілдері қабылдады.

"Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қоғамдық қабылдауда 100-ден астам тұрғынның өтініштері мен шағымдары тыңдалды. Олардың арасында атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке грант алу, жер мен баспана кезегі, білім, медицина, инфрақұрылымға қатысты өтініштер көп болды. Осы арқылы өңірде қандай салада мәселе көп екені аңғарылды.

Осы қабылдау барысында Сарыағаш ауданында медициналық нысан, Қазығұрт ауданында мектеп құрылысы бойынша жұмыстар жүйеленетіні белгілі болды. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек бойынша келген көпбалалы аналардың да талаптары бақылауға алынды. Каналдарды тазалау, Арыс қаласындағы 2-3 үйдің құрылысы жөніндегі шағымдар да тиісті басқармалардың назарында болмақ.

"Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев қоғамдық қабылдауға тұрғындардың көзқарасы жақсы екенін жеткізді.

30 қаңтарда Түркістан қаласында осындай жалпы қабылдау өтті. Бүгін сол қабылдауға келе алмаған, Шымкентке жақын аудандарда тұратын тұрғындар үшін "Ашық есік күні" қоғамдық қабылдауын осында өткізіп отырмыз. Барлық басқарма басшылары шақырылды. Мұндай ашық қабылдаудаe тұрғындардың басшылармен бетпе-бет сөйлесіп, мәселені жылдам шешуіне септігін тигізеді. Алдағы уақытта да басқарма басшыларымен аудан, қалаларды аралап, көшпелы қоғамдық қабылдаулар өткізуді жалғастырамыз, – дейді ол.

Бүгінде Түркістан облысында партияның 17 қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет етеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 9002 арыз-шағым келіп түсіп, 4415-сі /49%/ оңтайлы шешіліп, 4587-сіне заң аясында кеңес берілген.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: