Қазақстан ДДҰ-ның коронавируспен күрес жөніндегі ұсыныстарын ұстанады - Асқар Мамин

Асқар Мамин мен ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры коронавирусқа қарсы күресті талқылады

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюгені қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Ханс Клюге Қазақстанның Үкімет басшысына Нұр-Сұлтан қаласына сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросы арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған келісімге қол қою туралы хабарлады.

"Қазақстан денсаулық сақтауды дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті реформалау мәселелері бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен белсенді ынтымақтастық орнатқан", — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ҚР аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметі, сондай-ақ Қазақстанда азаматтарды коронавирустық инфекциядан қорғау бойынша қабылдаған шаралар туралы айтып берді.

"Қазақстан коронавирусқа қарсы күрес аясында аурудың алдын алу, диагноз қою және карантин шаралары бойынша ДДСҰ-ның ұсынымдарын ұстанады", — деді А. Мамин.

Тараптар коронавируспен күрес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, денсаулық сақтауды цифрландыру, МӘМС енгізу, төтенше жағдайлар медицинасы және т. б. қоса алғанда, Қазақстанның ДДСҰ-мен ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.

Кездесуге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан, сондай-ақ ДДСҰ-ның ҚР-дағы тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Кэролайн Кларинваль қатысты.

Қазақстан ДДСҰ-ға 1992 жылы 19 тамызда қосылды, географиялық жағынан ҚР ДДСҰ-ның Еуропалық аймағына жатады. Нұр-Сұлтан қаласында Ұйымның елдік офисі жұмыс істейді. 2015 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) бойынша географиялық қашықта орналасқан офисі ашылды.

2018 жылдың қазан айында ҚР астанасында АМСК бойынша жаһандық конференция өткізілді, оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданған болатын. Биыл 3-8 ақпанда Женева қаласында өткен ДДСҰ Атқарушы комитетінің 146-отырысында АМСК (Operational Framework on PHC) оперативті негізі бойынша шешім қабылданды, оның мәтінін келісу Қазақстанның төрағалық етуімен өтті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: