Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның төрағалық етуімен болған комитеттің кеңейтілген отырысында "2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция және оған Хаттама шеңберінде Республикасының және Армения Республикасының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.
Шараға Сенат депутаттары мен Қаржы министрлігінің өкілдері қатысты.
ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарландай, Қазақстан мен Армения арасындағы қосарланған салықты болдырмау жөніндегі заң жобасын Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов таныстырды.
"Бұл рәсім екі мемлекеттің салық төлеушілеріне апостиль қойылмаған резиденттік-сертификатын салық агентіне ұсынуға мүмкіндік береді. Келісімді орындау үшін мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындар талап етілмейді. Сіздерден осы келісімді ратификациялау туралы оң шешім қабылдауларыңызды сұраймын", - деді Қ.Баеділов.
Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ерболат Мұқаев екіжақты келісімнің салық төлеушілерге қандай нақты жеңілдіктер болатынын сұрады.
Қаржы министрі орынбасарының айтуынша, бұл рәсім екі мемлекеттің салық төлеушілеріне апостиль қойылмаған резиденттік-сертификатын салық агентіне ұсынуға мүмкіндік береді.
"Қазіргі уақытта біздің елдің азаматтары Арменияға барып қызмет немесе тауар ұсынса қосымша табыс салығын төлейді. Ол үшін арнайы сертификаты болуы қажет. Ал осы жасалғалы жатқан келісімнің негізінде қосымша салық төлеудің қажеті жоқ. Яғни бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау болып табылады. Аталған заң жобасын ратификациялау бастамасын Қазақстан ұсынып отыр", - деп жауап берді қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов.
Комитет төрағасы Ольга Перепечина заң жобасын талқылауды қорытындылай келіп, оны Сенаттың жалпы отырысында қарауды ұсынды.
"Бүгінде Қазақстан аумағында Армения елінің 42 заңды тұлғасы тіркелген. Ел бюджетіне 56 млн теңге корпоративтік салық түсті. Екі ел де Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мүшесі болып табылады. Өткен жылғы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 16 млн АҚШ долларын құрайды", - деді О.Перепечина.
Екіжақты келісім Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының уәкілетті органдары резиденттікті растайтын ресми құжаттарды танудың қандай да бір арнаулы куәландыру немесе консулдық заңдастыруды жою арқылы жеңілдетілген тәртіп белгілеуге мүмкіндік береді.
Заң жобасы Палата қарауына жіберілді.