12 мамырда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы қаңтар-сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы және экономика салаларының дамуы туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады.
"Осы жылдың қаңтар-сәуірінде ЖІӨ 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеді. Сауда және көлік секторы теріс динамика көрсетті, тиісінше 8,9% және 11%-ға төмендеді. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде өсім 7%-ды, машина жасауда – 25,4%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 13,9%-ды, фармацевтикада – 24,2%-ды, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде 6%-ды, құрылыста – 5,5%-ды, байланыс қызметтерінде – 9,6%-ды, ауыл шаруашылығында – 2,2%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,9%-ға өсті. Алтын-валюта қоры $30,5 млрд, Ұлттық қор активтері $58,5 млрд құрады", делінген ҚР Үкіметінің ресми сайтында келтірілген мәліметте.
Үкімет басшысы елімізде төтенше жағдайдың аяқталуы және карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты қызмет көрсету секторы қалпына келтіріле бастауы тиіс екенін атап өтті. Бұған салықтық ынталандыру, жеңілдікті несиелендіру, отандық тауарларды өткізуге кепілдік беру тетігі арқылы ішкі өндірісті қолдау жолымен барлық мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді.
Сонымен қатар Үкімет "Атамекен" ҰКП және салалық қауымдастықтармен бірлесіп, іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамту және халықтың табысын қолдау шараларын талқылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген шаралардың негізінде осы жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Аталған жоспар Үкіметтің келесі отырысында қаралады.
Премьер-Министр қызмет көрсету секторын қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
"Жалпы, алдағы кезеңдегі басым міндет экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етілуін арттыруға, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға, тиімді инвестициялар мен қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбегіне кірігуіне негізделген жаңа құрылымын қалыптастыру болады", — деп сөзін түйіндеді А. Мамин.