"Экотуризм арқылы тұрақты дамуға: алғышарттар мен мүмкіндіктер". Осындай тақырыпта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде республикалық семинар өтті, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс қызметі.
Онлайн форматта ұйымдастырылған басқосуға Жаратылыстану факультетінің ғалымдары мен оқытушылары ұйытқы болды. Отандық туризмді дамытудың тың тетіктері мен басым бағыттары талқыланған жиынға Алматы қалалық Туризм басқармасының мамандары мен туристік ұйымдардың өкілдері және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысып, өзара пікір алмасты.
Семинарды География және туризм кафедрасының меңгерушісі Шахислам Лайсханов ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ шарада Жаратылыстану факультетінің деканы Қажымұқан Кішібаев сөз сөйлеп, көтеріліп отырған тақырыптың маңыздылығына тоқталды. Ол жергілікті туризм мамандарын даярлаудағы Қыздар университетінің рөлі мен бүгінде осы тарапта атқарылып жатқан жұмыстар турасында да атап өтті.
Сонымен қатар басқосу барысында Алматы қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков "Алматы қаласы мен агломерациясында туризмді дамыту қадамдары", Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының профессоры Орданбек Мазбаев "Тұрақты даму және туризмнің мәселелері", Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Биология кафедрасының аға оқытушысы Дәмежан Садықова "Қазақстандағы экотуризмді дамыту мүмкіндіктері" және География және туризм кафедрасының аға оқытушысы Айжан Сатыбалдиев "Елімізде эко және этно туризмді дамытудың маңызы", М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Экология кафедрасының аға оқытушысы Ержан Абикбаев "Әулиеата өңірінің киелі жерлері және оның аймақтық туризмді дамытудағы рөлі", "Компас" туристік компаниясының менеджері Тоғжан Аманқұлқызы "Экотуризмді дамытудың артықшылығы мен кемшіліктері", тақырыптарында баяндама жасап, пайымды ойларымен бөлісті.
– Табиғатты сақтай отырып, туризмді дамыту – ел экономикасын тұрақты табысқа жетелейді. Ол үшін Қазақстанда алғышарттар жетерлік және мүмкіндіктер мол. Туризм саласын қалай дамытатындығымыз, осы ресурстарды қалай ұтымды пайдаланатындығымызбен тығыз байланысты болмақ, – дейді семинарға қатысушылар.