1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Алматы қаласындағы балалар колониясында жыл сайын салтанатпен аталып өтеді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл күні олар мекеме ауласын барынша әсем безендіріп, өз күштерімен концерттік бағдарлама әзірлейді, спорттық жарыстар өткізеді.
Жыл сайын балалар колониясында бұл мереке кезінде "Ашық есік күні" ұйымдастырылып, жасөспірімдар ата-ана, туған-туыстарымен қауышатын. Биыл еліміздегі карантин шараларына байланысты "Ашық есік күні" өткен жоқ, соған қарамастан балалар атаулы мерекені нағыз мерекеге айналдыра білді. "Тұлпар", "Қыран", "Лайкқа лайық", "Супер бобры" және "Бақытты отбасы" атты командаларға бөлінген жасөспірімдер түрлі жарыстар ұйымдастырды.
Салтанатты мерекені құттықтау сөзбен ашқан Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Е.Ұзақов әлем бойынша 1950 жылдан бері тойланып келе жатқан мерекенің тарихымен таныстырып, жазалы балалардың колониядан нағыз азамат болып босауларына тілектестік білдірді.
Биылғы балалар күніндегі бір ерекшелік сотталғандардың сотталғандарға жасаған сый-сияпаты болды. Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/13 мекемесіндегі сотталғандар өз еңбек ақыларына балалар колониясындағы жасөспірім сотталғандарға спорттық костюмдер алып берді. Мереке сайын әртүрлі спорттық жарыстар өткізетін жасөспірімдер енді біркелкі киім киіп ойнайтын болды. Балаларға сый жасаудан ЛА-155/18 тергеу изоляторының шаруашылық қызметіндегі сотталғандар да шет қалған жоқ. Олар да жасөспірімдерге таксафон карталарын сыйлады. Мереке күні "Сабыржан" компаниясының арнайы өкілі келіп, сый-сияпат жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орынға "Тұлпар", 2-ші орынға "Қыран", 3-ші орынға "Лайкқа лайық" командалары лайық деп табылса, соңғы орындарды "Супер бобры" мен "Бақытты отбасы" командалары бөлісті.
Команда жеңімпаздарына Ардагерлер кеңесі бағалы сыйлықтар сыйлады. Ал, мекеменің ата-аналар комитеті балаларға тәттілер толған мерекелік дастархан әзірледі.