Ертең Әблязовтің кезекті митингі. Бас Прокуратура тағы ескерту жасады

Жаппай жиындарды ұйымдастыруға салынған тыйымды ескермегендерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылады.

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев қазақстандықтарды карантин кезінде бейбіт жиындарға қатыспауға шақырды, деп хабарлайды zakon.kz.

Бас Прокуратура хабарламасында 6 маусымынан бастап "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа Заң (бұдан әрі - Заң) қолданысқа енгізілгені айтылған.

Жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін Заңмен хабарлама жасау тәртібі қарастырылған.

Ұйымдастырушы оларды өткізу күніне дейін бес жұмыс күн бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама береді, ол үш жұмыс күн ішінде оны қарауға тиіс (Заңның 10, 11-баптары). Бұл мерзім аяқталған соң жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы бейбіт жиналысты өткізеді (Заңның 11-бабы 1-тармағының 3-тармақшасы).

Демонстрациялар мен шерулер үшін келісім тәртібі белгіленген. Өтініштер өткізілетін күнге дейін он жұмыс күн бұрын беріледі, ол бойынша жергілікті атқарушы орган жеті жұмыс күн ішінде жауап беруге міндетті (Заңның 12, 13-баптары).

Осы уақыт ішінде ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды қауіпсіз өткізу, оларға қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін жағдайлар жасайды.

Бұл ретте бейбіт жиналыстар арнайы орындарда өткізілуі тиіс (Заңның 9-бабы).

Дәл осы сәтте жергілікті өкілді органдар осындай орындарды және демонстрациялар мен шерулер үшін жүру маршруттарын, оларды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау бойынша рәсімді жүргізуде (Заңның 1-бабының 3 тармақшасы, 8-бабының 2-тармағы).

Бейбіт жиналыстар көрсетілген рәсім аяқталғаннан кейін ұйымдастырылуы және өткізілуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 4 маусымда үндеу таратып, онда карантин кезеңінде елде бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде митингілерді өткізуге тыйым салынғанын көрсеткен.

Оны сақтамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.

"Дегенмен, жекелеген тұлғалар ел азаматтарын 2020 жылғы 6 маусымда жаппай митингілерге шығуға шақыруда. Жаңадан белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады (тіпті 15 тәулікке қамауға алуға дейін)", делінген хабарламада.

Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 400-бабы).

"Осыған байланысты, азаматтарды арандатушылық жасамауға және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға, бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу кезінде жаңа заңның ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамыз", делінеді Бас прокуратура үндеуінде.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: