Табиғи монополиялар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында жылумен жабдықтау саласындағы табиғи монополиялар субъектісінің сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтің құнын қайта есептеуді тікелей тұтынушыларға не тұтынушының тұрған жерін белгілеу мүмкін болмаған жағдайда жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметке ақы төлеу кезінде тарифті төмендету жолымен жүргізу міндеті көзделген, деп хабарлайды zakon.kz.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2019-2020жж. жылыту маусымының қорытындысы бойынша, жылумен жабдықтау қызметтерін пайдаланатын және үйге ортақ жылу есептеу аспаптары жоқ Алматы облысының Іле ауданының, Талдықорған қ., Үштөбе қ., Сарқан қ. және Қапшағай қ. тұтынушылары үшін сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу бойынша жұмыс жүргізді.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2019-2020 жылдардағы жылу беру кезеңінде халыққа қайтарылатын қаражат сомасы 850,634 мың м2 орташа жылытылатын алаңды есепке алғанда ҚҚС-пен 8 659 899 теңгені құрады.
Сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтің құнын қайта есептеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларының 10-тарауына сәйкес жүргізіледі. Қайта есептеу негізіне ауданның бір шаршы метрін жылыту үшін қажетті жылу энергиясы көлемінің сыртқы ауа температурасына тәуелділігі салынған.
2019-2020 жж. жылыту кезеңінде сыртқы ауаның нақты температурасын есепке ала отырып, жылытылатын алаңның 1 ш.м. құнын қайта есептеу (қайтару) мөлшері ҚҚС есепке алғанда 1 ш. м. 0,0295-тен 17,05 теңгеге дейін құрайды. Мысал ретінде:
- ШЖҚ "Іле коммуналдық шаруашылығы" МКК қайтарылатын қаражат сомасы 90 870,29 теңгені, қайта есептеу (қайтару) 12,81 теңгені құрады;
- "Тепловые сети" ЖШС қайтарылатын қаражат сомасы 3 131 730,22 теңгені, қайта есептеу (қайтару) 17,05 теңгені құрады;
- "Талдыкоргантеплосервис" МКК қайтарылатын қаражат сомасы 4 967 067,75 теңгені, қайта есептеу (қайтару) 8,38 теңгені құрады;
- "Жылыту орталыгы" ЖШС қайтарылатын қаражат сомасы 9 421,16 теңгені, қайта есептеу (қайтару) 15,24 теңгені құрады;
- ШЖҚ "Сарканжылу" МКК қайтарылатын қаражат сомасы 200,76 теңгені, қайта есептеу (қайтару) 0,0295 теңгені құрады;
- "Капшагайжылу" МКК қайтарылатын қаражат сомасы ҚҚС есептегенде 460 608,96 теңгені, қайта есептеу (қайтару) 7,68 теңгені құрады.
Қайта есептеу бойынша есептеу құралдары жоқ тұтынушыларының бірыңғай төлем құжатында көрсетілуі тиіс.