Құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүзеге асады. Пандемияға байланысты талапкерлерге медициналық анықтама ұсынбауға уақытша рұқсат етіледі, деп хабарлайды zakon.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордалық 22 колледжге 2020-21 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты (12 мемлекеттік, 10 жеке меншік) 4 652 орынға бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен – 3 602 орын, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 1050 орын қарастырылған.
"Тапсырыс экономиканың мынадай салалары арасында бөлінеді: білім – 865, медицина, фармацевтика – 250, өнер және мәдениет – 165, геология – 25, сервис және қызмет көрсету, маркетинг – 1000, энергетика – 200, көлік – 245, өндіріс, монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу – 725, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар – 700, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, экология – 477", – деп хабарлады қалалық білім басқармасы.
2020-21 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында 13 мамандық бойынша 139 орынға ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды қабылдау жоспарланып отыр.
ТжКБ мамандарын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы ақпарат білім басқармасының http://bilim.astana.kz ресми сайтында жарияланған.
ТжКБ ұйымдарының 2020-21 оқу жылына қабылдау жоспары 8 мың адамды құрайды.
Колледждерге құжат қабылдау 20 маусымнан 25 тамызға дейін (жұмысшы кадрлар үшін 27 тамызға дейін) egov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, колледждің қабылдау комиссиясы арқылы қағаз түрінде қабылданады.
"Талапкерлерге ТжКБ ұйымдарына құжат тапсыру кезінде медициналық анықтамаларды (№ 086-У, І және ІІ топтағы мүгедектер мен бала жасынан мүгедектер үшін 088-У нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысын), одан кейінгі мерзімде – оқу жылы басталғанға дейін ұсынбауға рұқсат етіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға байқау аттестаттың жиынтық балы негізінде өткізіледі", – деді білім басқармасы өкілдері.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz/kz/news/news/23667