Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.
Президент Үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді. Барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады.
Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.
– Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді,– деп мәлімдеді Президент.
Мемлекет басшының ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де "тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен".
Жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге жеткенбіз. Дегенмен өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.
– Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде жұқпалы ауру жұқтырған азаматтарға арналған төсек-орындар көбейген. Бірақ бұл өзге медициналық қызмет көрсету орталықтарын жабудың есебінен артып отыр. Соның салдарынан азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қол жетімділігі төмендеп кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар азаматтарға, сондай-ақ, жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмек көрсетуді кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.
Президент ауыр дертке шалдыққан азаматтардың саны көбейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесінің күн тәртібіне шыққанын айтты.
– Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл – ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондардағы оттегіні пайдалану деректері анықталған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кетпеуіміз керек екенін атап өтті. Өйткені халқымыздың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қол жетімді емес екенін айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев оларға қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанына тоқталды.
– Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізді. Мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер жасалып жатыр.
– Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде "жерлеуден жемтік іздегендерді" жөнге келтіруді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек.
Қазақстан Президенті пандемия кезіндегі кез-келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.
Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.
Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары, Ведомствоаралық комиссияның жетекшісі Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді.