ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының аясында жергілікті қамтуды дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің бизнес-үдерістерін оңтайландыру туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Е. Бахмутова, құрылыстағы қазақстандық қамтуды дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы қаржы министрі Е. Жамаубаев, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ сатып алуларындағы жергілікті қамту туралы Қордың басқарма төрағасы А. Есімов баяндады.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының шеңберінде 491,5 млрд теңгеге 2 мыңнан аса жоба мақұлданды. Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары қазақстандық қамту бойынша (жекелеген салаларда 70%-дан астам) үздік өңірлер болып отыр. Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары артта қалған. Құрылыс саласының қарқынды дамуының арқасында соңғы 10 жылда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 3,3 есеге - 176 млрд теңгеден 586 млрд теңгеге дейін артты.
Үкімет басшысы рәсімдік тосқауылдарды жою бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша банктердің бизнес процестерін оңтайландыруды - несие өтінімдерін қарау мерзімін, құжаттар тізбесін қысқарту және кепіл саясатын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Құрылыс саласында да жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне барлық тараптардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі тиісті заңнамалық және нормативтік өзгерістерді пысықтауды жүктеді.
Премьер-Министр Қаржы министрлігіне "Атамекен" ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір апта мерзімде отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қатысуына кедергі келтіретін барлық жүйелік тосқауылдарды жою жөніндегі іс-қимыл алгоритмін дайындауды тапсырды.
Үкімет басшысы әкімдіктер үшін мысал ретінде "Самұрық-Қазына" қорының отандық өндіріс тауарларын қолдану және дұрыс есептілік бойынша нақты талаптарын келтірді, бұл жергілікті қамту үлесінің 69% жоғары көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін цифрлық бақылау жұмысын екі ай ішінде аяқтау қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы мемлекеттік қолдаудың әр шарасы бойынша тиісті заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды тапсырды. Бұл ретте "Атамекен" ҰКП цифрлық платформасының базасында бизнестің қарсы міндеттемелеріне мониторинг жүргізу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жүзеге асырылатын болады.