Ұлттық Банк жеңілдікпен кредиттеуді 2021 жылдың соңына дейін ұзартады

Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде.

Ұлттық Банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Бұл жайында "Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Үкімет отырысында ҚР ҰБ Төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Оның сөзінше, ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін Үкіметпен бірлесіп, валюталық түсімді елге қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады және экспорттаушылардың оны іске асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Салалар тізбесін Үкімет "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп анықтайтын болады.

Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында Ұлттық Банк жанында Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құру ескеріледі, оның басты міндеті базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау болады. Орта мерзімді перспективада оған тәуелсіз мүшелер кіреді. Заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер 2020 жылдың соңына дейін енгізілетін болады, деді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: