Қазір Тәжікстанда ұшаққа билет сатылатын кассаларда кезек көбейген. Әсіресе, Душанбе-Минск-Душанбе рейсіне билет алушылар өте көп, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Таяуда ғана елдің көлік министрлігі "Сомон Эйр" әуе компаниясы 21-27 қыркүйек аралығында аталған бағытқа чартерлік рейс ұшыратынын хабарлаған.
Арнайы рейс ең алдымен Беларусь және Украинада оқитын студенттер мен шетел азаматтарына арналғаны айтылған.
Душанбе-Минск-Душанбе рейсіне билеттер тек білім министрлігі ұсынған арнайы тізіммен ғана сатылып жатыр. Бірақ еңбек мигранттары Беларусь арқылы Ресейге жету үшін үміттерін үзбей, кезекте тұр.
Ресей 21 қыркүйектен бастап Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан елдеріне әуе қатынасын қалпына келтірді. Тәжікстанға тұрақты рейс қашан ұшырады, белгісіз.
Ал енді бірқатар тәжік мигранттары Мәскеуге жету үшін Дубай арқылы билет алып жатыр. Душанбе-Дубай-Мәскеу рейстерінің билеті 1300 доллар тұрады. Бірақ Flydubai және "Сомон Эйр" әуе компаниялары әзірге билетті еліне оралу үшін тек Ресей азаматтарына ғана сатып жатқанын жеткізді.