Түркістанда жаңадан төселген жолдарды қайта жөндеу ұсынылды

Елде "Сапалы жол – Адалдық алаңы" деген жоба шығып, жолды тексеру науқаны жүріп жатыр.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментімен "Сапалы жол" жобасы аясында Түркістан қаласында жаңадан төселген жолдардың сапасына кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды zakon.kz.

Автомобиль жолдарын зерделеудің негізгі мақсаты – автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мен төселген жолдар сапасына қоғамдық бақылауды, сондай-ақ мердігер мекеменің жауапкершілігін күшейту.

Жол сапасын бақылау жұмыстарына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Т.Мұсаев, қалалық Жол бөлімінің басшысы Б.Оразбеков, облыстық "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" мамандары мен жауапты мердігер компанияның басшылары және Арнайы мониторингтік топ мүшелері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өңір тұрғындарының арыз-шағымы негізінде жүргізілген мониторинг жұмыстары барысында Түркістан қаласына қарасты О.Дастанов, И.Накипов, Жібек жолы – Шекті тілеу, Майкөтов көшелерінің жол сапасы мен қауіпсіздігі бақыланып, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы жаңадан төселген асфальт бетон жамылғысынан кесінді сынамалар алынды.

Бір күндік бақылау жұмыстарының нәтижесінде облыс орталығында орналасқан Жібек жолы – Шекті тілеу мен Майкөтов көшелерінің асфальт бетон жамылғысында бірқатар кемшіліктер, атап айтсақ жолдың тегіссіздігі мен жол бойында орнатылған бордюрлердің бұзылуы, жаяу жүргіншілердің жолдары мен су ағарлардың отыруы, ойық шұңқырлар мен жол төселімінің шашылу деректері белгілі болды.

Сондай-ақ, арнайы жұмысшы топ өкілдері "Үшқайық" ауылдық округінің бойында орналасқан облыстық маңызы бар жолдардың төселу барысын бақылап, тұрғындардың арыздары негізінде қайта қалпына келтірілген жол төселімінің сметалық құжатқа сәйкес екендігін анықтады.

Жаңа салынған жолдардан бірқатар ақаулар байқаған сала мамандары анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге акт түзіп, компания басшыларына қайта жөндеуден өткізу бойынша ұсыныстарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде қолға алынған "Сапалы жол – Адалдық алаңы" жобасы аясында облысқа қарасты барлық қала/аудандара төселген жаңа жолдардың сапасы мен қауіпсіздігіне апта сайын тұрақты негізде бақылау жұмыстары жүргізіліп отыратын болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: