Індетке ем іздегендер енді иттің етін жей бастады

Алғаш болып дабылды қарағандылық зооқорғаушылар қақты.

Елде иттің етінен ем іздегендер көбейді. Вирусқа қарсы шипа деп әуелі зімбір, кейін лимон, сосын құйрық майға таласқан жұрт, енді жеті қазынаның біріне жармасып жатыр. Төрт аяқтынының етінен сорпа қайнатып ішкендер нені білуі керек? Бұған қатысты шариғатта не айтылған?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Алғаш болып дабылды қарағандылық зооқорғаушылар қақты.

Инна Радченко, зооқорғаушы:

"Пандемия басталғалы ит етіне сұраныс бірнеше есе артты. Әсіресе, желіде жарнамалар тым көбейіп кетті. Иттің майын, етін, тіпті ит етінен әзірленген тағамдарды ұсынып жатыр. Өйткені халық арасында бұрыннан ит еті өкпе ауруларына ем болады деген тәмсіл бар".

Желіге кірсең шынымен, жарнаманың түр-түрінен көз сүрінеді екен. Ит еті еліміздің әр өңірінен саудаланып жатыр.

Әкім Тұрсын, иммунолог:

"Естеріңізде болса, коронавирустың бірінші карантинінде имбирь, хрен деді, олар қымбаттап кетті. Сондықтан сондай маркетинговый ходтар болды да. Бұл жерде иттің еті де ешқандай ем болмайды".

Сондай-ақ, желідегі ақылайтқыштардың кеңесін тыңдамас бұрын, мына нәрсені де ұғып алған дұрыс. Иттің етін саудалайтындардың дені, төрт аяқтыны көшеден атып ұстайды дейді білетіндер. Сондықтан, вирустан емделемін деп, ковидтен де қауіпті инфекцияларға шалдықсаңыз, таңғалмаңыз!

Әкім Тұрсын, иммунолог:

"Сіз итті білмейміз не жейтінін. Ол мүмкін крысаны, көшеде жүріп қоқыстан тамақ ішуі мүмкін. Сондықтан ондағы токсиндардың барлығы барып, иттің ағзасында болады міндетті түрде. Ол піскенде де бактериялары өлгенімен, токсиндары өлмейді. Сондықтан пайдасынан гөрі оның зияны көп".

Ал ит етіне қатысты шариғатымыз не дейді?

Кеңшілік Тышқан, дінтанушы:

"Шариғатта ондай нәрселерге рұқсат етілмейді. Жалпы халықтың емінің ішінде суық тиген жағдайда борсықтың майы, сарышұнақтың майын пайдалану деген дүние бар. Бірақ жаппай пайдалануға діннің, шариғаттың рұқсаты жоқ".

Ал желідегі білгіштерге имандай сеніп, дертке дауа іздегендерге ақ халаттылар келесідей кеңес береді.

Әкім Тұрсын, иммунолог:

"Коронавирус ол жүйелі ауру. Ол бізде организмге қатты нагрузка береді. Ал токсиндерді шығаратын белоктор. Сондықтан ақуызы көп тағамдарды, дәрумені көп тағамдарды жеу керек".

Осы ретте, айта кетейін, елімізде вирусты жеңген пациенттердің саны күн сайын артып жатыр. ауырғандардың 95 пайызына жуығы індеттен құлан таза айығып кеткен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: