40-тан асқан сүрбойдақтар өмірлерін өзгертуден қорқады. Психологтар осылай деп дабыл қағуда. Соңғы жылдары ажырасу көбейгендіктен, балалардың әкесіз ер жетуі де, бұл проблеманың бір ұшы. Жалғызбасты әйелдер санының артуынан ұл баланың тәрбиесіндегі олқылықтар алдағы өміріне едәуір әсер етеді. Яғни шешім қабылдай алмайды, ешкімге тәуелді болғысы келмейді, еркіндігін жоғалтудан жасқанады. 40-тан асқан ер азаматтардың тағы қандай қорқынышы бар.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
40-ты алқымдаған сүрбойдақтардың үйленіп, отбасыды болуы екіталай. Психологтардың пайымы бұл. Олардың сөзінше, 35 жастан кейін ерлердің гормоны аласапыран өзгеріске ұшырайтын көрінеді. Онысы мінез-құлыққа да әсер етпей қоймайды екен. Яғни, бойдақтар жасы келген сайын өміріне қандай да бір өзгеріс енгізуге құлықсыз бола түседі. Психологтарша айтсақ, «зона комфортадан» шығуға талпынбайды.
Камила Асыпқызы, психолог:
Көп жағдайда мына жалғызбасты аналар тәрбиелеген ер азаматтар толыққанды семьяны көрмегендіктен, оларда үлкен қорқыныш пайда болады. Авторитарлы әйелдерден қорқыныш басым болады. Жауапкершілікті сезінбейді ол кісілер. Жауапкершілік деген эгоизм, тәуелді болғысы келмейді әйелдерге. Көп жағдайда қаржылай табыстың аз болуы, әйел адамның көп табуы, әйелге тәуелді болмаудан қашқақтайды.
45 жастағы Асхат та бұл пікірді жоққа шығармайды. Жас ұлғайған сайын екінші жартыңды жолықтыру қиындай береді екен дейді. Қыздар көп. Тек жүрекке жақыны жоқ. Бұл бір деңіз. Одан бөлек, еркіндігін жоғалтудан жасқанатындар бар. Оның үстіне талғам да арта түседі.
Асхат Мұрынов, сүрбойдақ:
Жыл сайын ақылды бола түсесің. Күш-жігеріңді, ақыл-парасатыңды ретімен жұмсауға тырысасың. Ең бастысы, кездескен әйелдің жүрегіңе жақын екенін түсінсең. Бірден шешім қабылдайсың. Уақыт созып жүруге уақыт жетпейді.
Асхат та тұрақтылыққа бейімделіп қалған. Тіпті, соңғы кезде үйлену жайлы сирек ойлаймын дейді. Ал психологтар лаж болса, 35 жасқа дейін шаңырақ көтеруге кеңес береді.
Камила Асыпқызы, психолог:
Ер азаматтар көп жағдайда 30-ға дейін үйленбесе, 30-дан кейін олар жалғыздықты дағдыға айландырып алады. сол себептен ер азаматтар 30-ға дейін, 35-ке дейін үйленіп алғаны өте орынды. 40-тан кейін үйлену өте аз болады. Қиындық болады. Отбасында кішкентайынан бастап біз ер азаматты өздігінен шешім қабылдауға, өмір сүруге отбасын құуға бағыттауымыз керек.
Айтпақшы, қыздар қауымының да 40-тан асқан азаматтарға қызығушылығы асып-тасып жатқан жоқ. Егде тартқан еркекпен танысқанда "ажырасқан ба" деген күдік сап ете қалады екен. Тапқан-таянғаны алиментке артылмайды деп айнып қалатындары да бар.
Әсем Нумарова, қала тұрғыны:
Адамның жасында тұрған ештеңе жоқ. Менің болашақ жарыммен арамызда ортақ қызығушылық болғанын қалар едім. Ортақ құндылық, мақсаттарымыз бір болса деймін. Бір-бірімізге қолдау білдіру де маңызды. Ер азаматқа 30-40-та да отбасылы болса жараса береді.
Кім не десе де, жалғыздық Жаратқанға ғана жарасқан. Ал мамандардың пікірі "отызда отбасын құрмағандардың, қырықтан асқанда қатын ала қоюы неғайбыл" дегенге саяды. Сондықтан сексеннің жартысына жақындап қалған серілер, қартайғанда қамығып қалмас үшін қазірден бастап қамданғандары жөн дейді.