Банк ақымақ емес. Біреудің кредитіне гарант болған құрсын

Кепіл болудың да кесірі бар!

Заңгерлер кредит алған адаммен қоса оған кепіл болған кісі де банк алдында бірдей борышты дейді. Қаржы саласында гарант аталып кеткен ұғымның парқына бармай, жауапкершілік арқалайтындар көптеп кездеседі. Оның соңы кейде өкінішпен аяқталып жатады. Себебі танысыңыз алған қарызын өтей алмай жатса, сұрауы сізден болатынын ескерген жөн. Кепілгер, яғни гарант болудың тағы қандау қаупі бар?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Айлығың аз болса, күнің кепіл болатын адамға қарайды. Кредит алар кезде жалақысы жақсы, несие тарихы мінсіз гарант табу да олжа. Бірақ кесірі шаш етектен көрінеді. Яғни біз ойлағандай, тек қағаз жүзіндегі жауапкершілік емес бұл. Кепіл болушы да қарыз алушы секілді банктің алдында борышты.

Аржан Садуақасов, заңгер:

Егер де борышкер өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, олар залогқа тігілген мүлкін, кепілінен айырылып қалу мүмкіндігі бар.

Иә, мұндай қорқыныш бар. Бірақ...

Аржан Садуақасов, заңгер:

Борышкердің бүкіл мүліктері сатылып, бүкіл мүлігінен өндіріп алған соң ғана ол жасалады.

Сізді гарант ретінде банкке сүйреген танысыңыз қарызын уақытылы төлемесе, я болмаса төлем мерзімі өтіп кетсе, қаржылық ұйым сіздің де құлағыңыздың құрт етін жейді. Жанна секілді.

Жанна Ерғалиева, қала тұрғыны:

Құрбым кепіл болшы деп өтінді. Мен келістім. Ол несиесін жаптым деген болатын. Бірақ банктен күндіз де түнде де үздіксіз хабарласып отырды. Құрбымның берешегі жөнінде. Бұл жағдайдың жалғасып келе жатқанына 1 жыл.

Тыныштықты ұмытасыз. Бұл - бір, мүлкіңізден қағыласыз, екі деңіз. Қарыз алушының кредитті өтеуге жағдайы болмаса, онда кепіл болған адам несиені өз қалтасынан төлеуге міндеттеледі дейді мамандар. Мұның барлығы қаржылық білімсіздіктен. Сауатсыздықтың тағы бір сан соқтырар тұсы...

Маржан Махамадиева, жетекші қаржы кеңесшісі:

Шарттың талаптарын тиіссіз орындау тек қарыз алушы емес, сонымен қоса қосымша қарыз алушының кредиттік несиелік тарихына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондай қаупі бар.

Қаржы саласында кепілгерден бөлек, қосымша қарыз алушы деген ұғым бар. Оның да жауапкершілігі жоқ емес.

Маржан Махамадиева, жетекші қаржы кеңесшісі:

Қосалқы қарыз алушы қарыз алушымен бірге бірлесіп, алған қарызды қайтаруға өз міндеттемелерін бірге мойнына алады. Яғни қосалқы қарыз алушы оны төлеуге міндетті болады. Соны есте сақтаған жөн.

Яғни гарант не қосымша қарыз алушы ретінде құжаттарға қол қоймас бұрын ескеретін жайттар өте көп. Қарыздың кай компаниядан алынатынына назар аударыңыз. Ол ұйымның қаншалықты қауіпсіз, сенімді екенін, оның шарттары мен ұсыныстарын мұқият қарап шығу керек. Қосымша өсім мен айыппұл бар-жоғын анықтау қажет.

Рауан Есбергенов, заңгер:

Гарант дейміз, кепілгер, созаемщик дейміз. Барлығының сайып келгенде міндеті, ақшаны төлей алмайтын, несие алған адамның жауапкершілігін қамтамасыз ету банкіттің алдында. Банк ақымақ емес. Сіз арқылы ақшаның қайтуын қамтамасыз етіп отырады.

Сондықтан, қол ұшын созамын деп, қарыздың қамытын киіп қалмас үшін мамандардан кеңес...

Рауан Есбергенов, заңгер:

Ортақтасып кредит алар кезде, ойласыңыз, банктің құжаттарына қол қояр кезде ойланыңыз. Мың жерден сіздің досыңыз болса да, ертең оның басын күн шалғанда сізді банк мүсіркеп, сен кредит алған жоқсың ғой деп құтқармайды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: