Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда жарық көріп, кеңінен талқыға ие болған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласы мәтінінің лингвостатистикасы жарық көрді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл деректі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тілі білімі институтының директоры Анар Фазылжан Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Мемлекет басшысы өз мақаласында ел мен біз деген сөздерді көп қолданған екен.
"Мақала 1332 сөздің 3595 сөзқолданыс түрленімінен тұрады. Осы 1332 сөздің 560-ы зат, ұғым, түсінік аты болса, 301-і іс-қимылды, 243-і сынды, 71-і қимылдың сипатын білдіретін, қалғаны көмекшілік қызметтегі сөздер. Осы сөздердің 754-і тек бір рет қолданылған сөздер. Әдетте қоғам үшін жаңа өзектіленген ұғым, түсінік аттары осы сөздер қатарында көп болады, мақаладағы пандемия, вирус, технология, плюрализм, "soft power" (жұмсақ күш) сияқты сөздер мұның айғағы. Зат есімдер мен қимыл аттарының басқа типтегі сөздерден көп болуы, жиілігі 1-ге тең сөздер санының жиілігі жоғары сөздерден бірнеше есе көп болуы, сол сияқты ең жоғары жиілікке мазмұны солғын көмекші сөздердің ие болуы – жалпы кез келген тілге тән әмбебап заңдылық көрінісі" делінген жазбада.
Тіл маманының айтуынша, осы себепті де мақала мәтініде де жиілік бойынша тізім басын "бол" көмекші етістігі бастап тұр.
Көмекші қызметтегі сөздерді ескермей, толық мағыналы ең жиі қолданылған сөздерді жинадық. Қоғамдық санада идеологиялық, базалық концептілердің қайсысы өзектіленіп отырғанын осындай жиілігі жоғары атауыш сөздер аңғартады. Мұндай пікірді алғаш айтқан философ ғалымдардың бірі М.Эпштейн жиілік сөздікті әлемнің тілдік бейнесі ретінде зерттеу құралына айналдыруды ұсынады. Ғалыммен келісе отырып, оның «сөздердің жиіліктік реті – бұл ұғымдардың жалпыхалықтық, стихиялық-демократиялық жүйесі» деген анықтамасының дәлдігіне тағы бір көз жеткіздік, - дейді ол.
Президент мақаласындағы ең жиі сөздер төмендегі кестеде көрсетілген.