Дауыс ұрлауды да қисынды жасай алмадық – Б.Смағұл

Алданған халықтың билікке деген өкпесі қара қазандай болады.

Президент бүгін үндеу жасады. Тыңдадық, көп келелі ойларға ат шалдырды. Кеше ғана өткен сайлаудың жалғасы ретінде саяси партиялардың Мәжіліске өту баспалдағын 5 пайызға түсіруді ұсынды. Әрине, орынды пікір. Бірақ, мәселе мұнда да емес. Ең бастысы, сайлау адал да, әділ өтуі тиіс, деген пікірін жазды желіде Бақыт Смағұл.

Бір партияның халықтан жиған пайыздарын басқа қошқар партиялар иемденіп кетпеуі керек.

Жуырдағы сайлаудағыдай үрдіс жалғаса берсе, демократияның ауылы мүлде алыстайды. Алданған халықтың билікке деген өкпесі қара қазандай болады. Сол пайыздарды әділетсіз жамбасына басып, төбесімен көк тіреген партиялардан сайланған депутаттар артынан биліктің қуыршағына айналатыны өкінішті. Сондықтан Президент айтып отырған сайлау заңына өзгертулер енгізу жөніндегі ой толғамын әлі де пісіре түсіру керек сияқты. Биылғы сайлаудағыдай ондай пайыздық көрсеткішті өз ыңғайына қарай өзгертуге мұнымен шектеу қойылмасы анық, дейді ол.

Халықтың дауысын ұрлайтындарға қатаң жазалау шарасы енгізілуі керек. Дәл қазір сондай талап болғанда билік пен сайлау комиссиясындағы мыңдаған адам темір торға тоғытылар еді.

Қазір әр деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері әртүрлі саяси партиялардан жасақталған. Заң талабында солай. Бірақ, сайлау комиссияларындағы "Нұр Отаннан" басқа партия мүшелері қағаз жүзінде ғана басқа партиялардан саналады. Жергілікті мәслихаттарға да Парламентке өтетін 5 пайыздық меже сақталады. Негізі, сайлау мәслихат, Мәжіліс деп бөлінбей, бір тармақ бойынша ғана дауыс берілуі керек. Себебі, адам дауыс беру барысында әр деңгейдегі мәслихаттарға және Мәжіліске бір партияны ғана таңдайды. Мысалы, биылғы сайлауда бір партияға әр деңгейдегі мәслихатқа дауыс беру кезінле ала-құлалық көрініс тапты. Яғни, бір сайлаушы қалалық мәслихатқа бір партияға, облыстық мәслихатқа екінші партияға, Мәжіліске үшінші партияға дауыс берген болып шықты. Бұл ақылға сыймайтын жағдай. Демек, дауыс ұрлауды да қисынды жасай алмай отыр.

Тоқ етерін айтқанда, бізде заң бар, орындалуы көңіл көншітпейді.

Егер заң орындалмайтын болса, сайлауды қыруар қаражат шығарып өткізудің еш қисыны жоқ. Депутатты көзіне, жүзіне қарап таңдау жасай салу керек. Қазіргідей сайланған депутаттардың олардан еш айырмасы болмайды. Президент сайлау заңының осы қырын күшейтсе деген пікірдемін. Жасалатын реформа билікке ыңғайланып емес, халықтың көңілінен шығатындай болып жасалуы керек.

Бақыт Смағұл, Көкшетау қаласы.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: