АҚШ президенті Джо Байден Қырғызстан азаматтарына арналған виза шектеулерін алып тастады. Бұл туралы АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігі хабарлады.
Елшілік мәліметіне қарағанда, 20 қаңтарда президент Байден иммиграциялық визалар мен грин-карталарға шектеуді жойған.
"Біз қырғыз үкіметінің қауіпсіз саяхатқа қатысты бір жылда атқарған жұмыстарын жоғары бағаладық" делінген елшілік хабарламасында.
Еске салайық, былтыр 31 қаңтарда АҚШ иммиграциялық визалар мен грин-карталарға бірқатар шектеу енгізген. Соған байланысты қырғыз иммигранттары АҚШ-қа кіре алмай қалды.
Қырғызстан мемлекеттік тіркеу қызметі 2021 жылы биометрикалық төлқұжаттар енгізуді жоспарлап отыр.
20 қаңтарда Вашингтондағы Капитолий сарайында ант беріп, президент қызметіне кіріскен Джо Байден салтанатты рәсімнен соң бұрынғы президент Дональд Трамптың бірқатар шешімдерінің күшін жойды. Атап айтқанда, президент АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосып, АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелігін қалпына келтірді.
"Біз бұрын-соңды болмаған дәрежеде климаттың өзгерумен күресеміз" деді Байден. AFP агенттігі оның сөзінен үзінді келтірді.
"Америка дауысы" сайтының жазуынша, Байден сонымен бірге мұсылмандар көп шоғырланған кейбір ел тұрғындарының АҚШ-қа кіруіне қойылған шектеуді жоятын бұйрыққа қол қойған. Капитолийдегі салтанатты шара аяқтала салысымен оның көмекшілері Байденнің АҚШ пен Мексика арасындағы дуал құрылысын тоқтататынын да хабарлаған.
Дональд Трамп 2017 жылы Париж келісімін "АҚШ экономикасы үшін қолайсыз келісім болды" деп атап, өз елін бұл келісімнен шығаратынын мәлімдеген. АҚШ ресми түрде бұл келісімнен 2020 жылы қараша айында шықты. Оның қайта қосылуы үшін бір ай уақыт керек болады.
Сенатор-республикашыл Тед Круз Байденнің Париж келісіміне оралу бастамасын сынап, "бұл шешім Американы әлемде көшбасшы етпейді, климат мәселесін де шешпейді, соның салдарынан мыңдаған америкалық жұмысынан айырылады" деп мәлімдеді. Ал сенатор-республикашыл Кевин Крамер Байден шешімін "ақылға қонымды қадам" деп атап, тек жаңа әкімшілік Американың ұлттық мүддесін ұмытпай, америкалық салық төлеушілердің ақшасының ысырап болуына жол бермеуі тиіс деді.