Ресей президенті Владимир Путин оппозициялық саясаткер Алексей Навальный басқаратын Жемқорлықпен күрес қорынының Геленджиктегі "Путин сарайы" туралы зерттеуіне жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
Ол "фильмде көрсетілген мүлік менікі не туыстарымдікі емес және ешқашан біздікі болмаған. Ешқашан!" деді. Путин бұл пікірін 25 қаңтар, дүйсенбі күні студенттермен болған видеоконференцияда бір студенттің сұрағына жауап ретінде айтты.
Путин "бос уақытым болмаған соң фильмді көрмедім, көмекшілерім әкелген видео топтамаларды шолып шықтым" деді. Ресей президенті зерттеудің артында "сыртқы күштер" тұр деп санайды.
Оның сөзінше, "Путиннің сарайы туралы 10 жылдан бері айтылып жүр және осының бәрін біреулер жинастырып фильм етіп жасаған да интернетке жүктеген әрі сол арқылы азаматтардың миын айналдырып отыр".
Путин фильмде аты аталған адамдардың кейбірін жақсы білетінін, кейбірін мүлдем танымайтынын айтты. Сондай-ақ ол "ешқашан бизнеске қызықпағам және кәсіппен айналыспағам" деді.
Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры "Путин сарайы" деген атпен белгілі Геленджик түбіндегі зәулім сарай жайлы зерттеуін 19 қаңтарда жариялаған. Содан бір күн бұрын Химки соты Германиядан Ресейге оралған қор жетекшісі Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамаған.
Зерттеу Навальный ұсталғанға дейін дайындалған. Деректі фильм жанрында түсірілген 2 сағатқа созылатын видеода фильм авторларының бірі әрі жүргізушісі ретінде Навальныйдың өзі де көрінеді.
"Путин сарайы" деген атпен белгілі резиденция 2005-2010 жылдары Қара теңіз жағалауында Геленджикке жақын маңда салынған. Сарайдың Ресей президенті Владимир Путинге арналғанын 2010 жылы кәсіпкер Сергей Колесников мәлімдеген. Ол жоба құнын 1 млрд долларға бағалаған. Содан бері сарай туралы бірқатар БАҚ жазған, Азаттықтың Орыс қызметі де мақала жариялаған.
Жемқорлықпен күрес қоры зерттеуінде сарай құрылысын қаржыландыру схемасына көңіл бөлген. Сонымен бірге сарай интерьерін де сөз еткен.
Фильм Youtube желісіне жарияланғалы бері 90 миллионнан астам рет көрілген.
Зерттеу жарық көрген соң 23 қаңтарда бүкіл Ресей аумағында Путинді ұры деп айыптап, Навальныйға бостандық талап еткен қарсылық өтті. Кейбір ақпарат құралдары наразылыққа 250 мыңдай адам қатысқан. Құқық қорғаушылар 3711 адамды полиция ұстағанын мәлімдеді және олардың сөзінше, бұрын-соңды Ресейдегі шеру, митингілерде осынша адам ұсталмаған.