Мамин Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың жол картасын ұсынды

Жол картасы Сайлауалды бағдарламаның төрт бағытын іске асыру бойынша 362 іс-шараны қамтиды.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, фракция басшысы Нұрлан Нығматулин өткізген "Nur Otan" партиясы фракциясының отырысына қатысты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Үкімет басшысы сайтына сілтеме жасап.

"Nur Otan" партиясының төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы әзірленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламаның уақытылы әрі тиімді орындалуы бойынша шаралар қабылдауды тапсырды, — деді Мамин құжатты депутаттарға таныстыра отырып.

Жол картасы Сайлауалды бағдарламаның төрт бағытын іске асыру бойынша 362 іс-шараны қамтиды: "Баршаға тең мүмкіндіктер", "Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт", "Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы", "Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар".

Тұрғын үй құрылысының көлемін, оның ішінде жеңілдікті әлеуметтік тұрғын үй көлемін ұлғайту, әйелдер кәсіпкерлігін, мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту арқылы қазақстандық отбасыларды қолдау мен нығайту бойынша жүйелі шаралар іске асырылатын болады.

Үкімет қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымын одан әрі дамыту және жаңғырту, республикалық жолдарды реконструкциялау және жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Сапалы және орнықты экономикалық өсім теңгерімді макроэкономикалық саясат, экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестицияларды таргеттелген тарту және экспортты проактивті ілгерілету есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Халықты жұмыспен қамтуды сақтау және ұлғайту жөніндегі кешенді шаралар іске асырылады. Жыл сайын жұмыспен қамтудың белсенді формаларымен кемінде 700 мың адам қамтылатын болады. 2025 жылға қарай барлық көрсетілетін мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, электронды форматқа көшіріледі.

"Жол картасының әзірленген жобасы “Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасын толық әрі сапалы іске асыру жөніндегі барлық қажетті шараларды қамтиды. Үкімет барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. Барлық шараларды іске асырудың нәтижесі жаңа шынайылық жағдайында халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының нақты артуы болады", — деді Мамин.

Премьер-министр сөз сөйлеген соң Үкімет мүшелері депутаттардың "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың түрлі аспектілері туралы сұрақтарына жауап берді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: