Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин квазимемлекеттік сектор сатып алуы туралы жаңа заң отандық тауар өндірушілерге басымдық бере отырып, сатып алу жүйесінің ашықтығын және тиімділігін қалыптастыруға ықпал етуге тиіс деп есептейді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы Нұрлан Нығматулин Мәжілісте "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры басшыларының, Үкімет мүшелерінің, сондай-ақ "Атамекен" ҰКП-ның қатысуымен өткен "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы" заң жобасын талқылаған отырыс барысында айтты.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, квазимемлекеттік сатып алу саласындағы ашық және тиімді процестер көптеген экономикалық сұрақтарды шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, отандық өндірісті және өз өнімдерімізді қолдауға жол ашады. Екіншіден, бұл шағын және орта бизнеске көмек болады. Осының барлығы, жұмыс орындарын сақтап, әлеуметтік жағдайды да одан әрі дамытуға ықпал етеді, деді Мәжіліс Төрағасы.
Жиында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған "Самұрық-Қазына" АҚ сатып алу жүйесі туралы депутаттар алдында баяндама жасады.
Қор Басқармасы басшысының айтуынша, сатып алу қызметінде қабылданған шаралар ерекше өзектілікке ие болып, пандемия мен экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Олардың ішінде импортты алмастыру бағдарламасы, сатып алуды санаттық басқару, тендерлердің мерзімдерін қысқарту, сондай-ақ конкурстарға қатысу үшін қажетті құжаттар саны және т. б.
– Отандық кәсіпкерлерден сатып алу үлесі 2019 жылғы 45% - ға қарағанда 2020 жылы 83% - ды құрады. Ағымдағы жылдың 2 айында ол 90% - ға дейін өсті. Импортты алмастыру бағдарламасы жаңа өндірістерді 76 млрд теңгеге тікелей қолдауға ықпал етті. Тек 2020 жылы қазақстандық кәсіпкерлермен 2,6 трлн.теңге. 280 мың адам жұмыспен қамтылды, бюджетке төленетін салық төлемдерінің көлемі 170 млрд теңгені құрады, деді Ахметжан Есімов.
Сонымен қатар, БасқармаТөрағасының айтуынша, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу туралы жаңа заңы сатып алу жүйесін жетілдіруге ықпал етпек.
Аталған заң жобасы туралы Мәжіліс Төрағасы бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ерекшеліктерін ескеретінін атап өтті.
– Біздің елімізде квазимемлекеттік сектор субъектілері әртүрлі векторлы, көп салалы сипатқа ие. Сатып алу рәсімдерін шамадан тыс нақтылау компаниялардың операциялық қызметіне теріс әсер етіп, сондай-ақ олардың инвестициялық тартымдылық деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл заң жобасы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуына қатысты базалық қағидаттар мен тәсілдерді қамтиды, деді Нұрлан Нығматулин.
Сондай-ақ, Мәжіліс Спикері заң жобасы, бір жағынан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуының ашықтығы мен бақылануы керектігін айтты.
– Сатып алулардың тиімділігі, квазимемлекеттік секторда да, әсіресе, қазіргі Қазақстанның экономикалық белсенділігін қалпына келтіру кезеңінде өте өзекті. Сондықтан біздің міндетіміз – отандық тауар өндірушілер үшін квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының қолжетімділігі мен ашықтығын арттыратын сапалы заң қабылдау. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында дәл осындай міндет қойды. Бүгін осында, Мәжілісте өткен мазмұнды диалог бізге-депутаттарға, Үкіметке және отандық бизнес өкілдеріне заң жобасы бойынша жұмыстың бірыңғай стратегиясын әзірлеуге мүмкіндік береді, деп қорытындылады сөзін Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасында, атап айтқанда, сатып алудың жаңа тәсілі – электрондық тетікті енгізу ұсынылады. Егер мұндай тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі АЕК он мың еселенген мөлшерінен аспаса, электрондық каталогтағы біртекті тауарларға осындай тәсілмен сатып алуды жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар конкурстан тыс сатып алуларға қойылатын талаптарды арттыру ұсынылады. Қоғамдық бақылау институты енгізілуде. Сондай-ақ әлеуетті өнім берушілерге шарт жасасуға жол берілмейтін сатып алу қорытындыларына шағымдану үшін мерзім беру ұсынылады. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын толық автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл электрондық камералдық бақылауды құруға мүмкіндік береді.