Ұлттық банк Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекітті

Стратегия 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары сияқты елдің ұзақ мерзімді құжаттарымен үйлестірілді.

Қазақстан Ұлттық банкі алдағы 10 жылға арналған ақша-кредит саясаты (АКС) саласындағы негіз боларлық құжат – ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын мақұлдап, жариялады, деп хабарлайды zakon.kz.

Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында "ақша-кредит саясатын жаңадан қарау" міндетін атады. Осы тапсырманы іске асыру үшін жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық банк АКС 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірледі. Стратегия 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары сияқты елдің ұзақ мерзімді құжаттарымен үйлестірілді.

"Біздің негізгі мақсат – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Инфляциялық таргеттеу режиміне өткеннен кейін жыл сайын ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары қабылданды, оларда жүргізіліп отырған саясаттың алдағы жылға арналған басымдықтары айқындалды. Енді Стратегияда ұзақ аралыққа пайым қалыптастырылды, Қазақстандағы сияқты басқа да елдердегі инфляциялық таргеттеуге өтудің тәжірибесі талданды, сондай-ақ трансмиссиялық тетіктің тиімділігін шектейтін ағымдағы кедергілер қаралды", - дейді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.

Ақпанда қабылданған 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын ескере отырып, стратегияда кедергілерді жоюға және толыққанды инфляциялық таргеттеу режиміне өтуді аяқтауға мүмкіндік беретін негізгі басымдықтар көрсетілді.

"Біз халықаралық қаржы институттарымен, соның ішінде ХВҚ, Дүниежүзілік Банк, ЕҚДБ-мен, сондай-ақ қазақстандық сарапшылармен, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен және банк секторының өкілдерімен Стратегия жобасын талқылау бойынша бірнеше раунд өткіздік. Олардың қорытындысына сай құжат толықтырылып, пысықталды", - дейді ол.

Инфляция

2015 жылы инфляциялық таргеттеу режиміне көшкен сәттен бастап Ұлттық банк оның "төрт тірек" деп аталатын негізгі элементтерін енгізді. Бұл өзгермелі валюта бағамы, пайыздық саясат, ашық байланыс, талдау және болжау жүйесі.

"Соған қарамастан, енгізілген режимді "өтпелі" деп сипаттауға болады, өйткені құрылымдық шектеулер бар, нәтижесінде ақша-кредит саясатының елдегі инфляциялық процестерге әсері әлсіреді. Бұл көбіне экономиканың төмен әртараптандырылуымен, импортқа тәуелділіктің жоғары болуымен, қаржы нарығының жеткілікті дамымауымен, жеңіл фискальдық шектеулер кезіндегі мемлекеттік кредиттеудің белсенді болуымен байланысты. Халықаралық тәжірибеде мұндай режим "light IT" деп аталады", деп атап өтті Ұлттық банктегілер.

Аталған сын-қатерлерді еңсере отырып, біз экономиканың түрлі тәуекелдерге ұшырауының төмендеуін және соның салдарынан ақша-кредит саясатының инфляцияға әсерінің күшеюін күтеміз. Осылайша, біз инфляциялық таргеттеудің толық немесе "full-fledged" режиміне қол жеткізе аламыз. Бұл қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға және экономиканың орнықты дамуы үшін базалық артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Стратегия аясындағы жұмыстың негізгі бағыттары туралы

Қазіргі бар сын-қатерлерді еңсеріп, ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін біз монетарлық негіздерді күшейту, қаржы секторын одан әрі дамыту, сондай-ақ елдің макроэкономикалық саясаты саласындағы іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі басым міндеттерді қамтитын үш басты бағытты бөліп көрсетеміз.

Бірінші бағыт инфляциялық күтулерді төмендетуге және тежеуге, халықаралық резервтердің жеткілікті деңгейін қолдай отырып, құбылмалы айырбастау бағамы режимін нығайтуға, сондай-ақ Ұлттық банктің коммуникациялық саясатын күшейтуге мүмкіндік береді. Тиімді қаржы секторын дамыту ұлттық валютаға деген сенімді арттырады және елдің қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайтады.

Жауапты макроэкономикалық саясатты жүргізу сыртқы факторларға тәуелділікті төмендетеді, фискалдық позицияны күшейтеді және ұлттық экономиканың орнықтылығын арттырады.

Екіншіден, стратегияда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша шараларға және оларды табысты іске асырудан күтілетін нәтижелерге егжей-тегжейлі сипаттама берілген.

Экономикадағы қазіргі жағдайды ескере отырып, 2025 жылы инфляцияны 3-4%-ға дейін төмендету жолдары туралы

Ұлттық банк күтілмеген өзгерістерден кейін экономиканы қажетті қалпына келтіруді ескере отырып, коронавирустың таралуына және теңгерімді дамуына байланысты инфляцияны орта мерзімді таргет деңгейіне дейін біртіндеп төмендетуді жүзеге асыруға ұмтылады.

Инфляцияның ағымдағы және болжамды серпініне байланысты белгіленетін базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының инфляцияға әсер етуінің негізгі құралы болып қалады.

Алайда, біз үнемі атап көрсетіп отырғанымыздай, инфляцияның нысаналы көрсеткішіне қол жеткізу Ұлттық Банк тарапынан шаралар қабылдауды, сондай-ақ Үкіметпен бірлесіп күш жұмсауды да талап етеді. Бұл ақша-кредит саясатының әсер ету саласынан тыс көптеген факторлардың болуына байланысты. Осыған байланысты Стратегия Ұлттық Банк пен Үкімет тарапынан шаралар кешенін көздейді, ол ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға және болашақта инфляцияға бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Біздің экономикамызды одан әрі әртараптандыруға, тұтыну нарығын отандық тауарлармен толықтыруға, шикізаттық емес экспортты кеңейтуге, сондай-ақ монетарлық және фискальдық саясатты неғұрлым жақсы үйлестіруге байланысты бірқатар мәселені шешу қажет болады. Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында биыл 23 ақпанда қол қойылған Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім осы міндеттерді шешу құралы болып табылады.

Фискальдық тұрақтылықты жақсарту жөніндегі шаралар туралы

Бюджеттік шектеу "жұмсарған" сайын тек банк жүйесі арқылы ғана сұраныс тудыра алатын ақша-кредит саясатына қарағанда, фискальды саясат үй шаруашылығы мен тұтынудағы инфляцияға сұранысты арттырып жібереді. Сәйкесінше, инфляцияны тұрақты түрде төмендетіп, оны ең төменгі мөлшерде сақтап отыру үшін макроэкономикалық тұрақтылыққа, бюджеттің мұнай бағасына тәуелді шығындарын азайтуға, фискальды саясаттың тұрақтылығы мен болжамды болуына, мемлекеттік шығындардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған фискальды саясаттың бір орнында тұрғаны және болжамды болғаны маңызды.

Осыған байланысты, Ұлттық банк фискальды тұрақтылықты арттыру үшін бюджет ережесін енгізу жөніндегі бастаманы белсенді түрде алға жылжытып отыр. Бүгінде мемлекеттік шығындардың өсімі мен деңгейін шектеу мақсатында, мемлекеттік шығындарды тұрақтандырудың тиімділігі мен мұнай бағасының ықпалын төмендету үшін Үкіметпен бірге бюджет ережесін әзірлеу тұрғысында жұмыс жүріп жатыр.

Бюджет ережесін әзірлеп, енгізумен қатар, фискальды саясатты жақсарту керек. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бюджет ауқымын кеңейтіп, бюджеттен тыс шығындарды шоғырланған бюджеттің периметріне кіргізу жоспарланып отыр. Бұл фискальды тәртіп пен қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ақылжан Баймағамбетов экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландырудан рет-ретімен бас тарту мақсатына да тоқталды.

Оның айтуынша, 2020 жылы пандемия мен карантин шараларына байланысты, әлем бойынша орталық банктердің рөлі өзгерді. Орталық банктердің көбі экономиканы қалпына келтіруге қолдау танытты. Осыған байланысты, Ұлттық банктің экономиканы қаржыландыру аясын кеңейту шарасы бүкіл әлемдегі тенденцияға сай, мәжбүрлі шара болды.

Дағдарыс кезінде экономикадағы күрт азайған сұранысты ынталандыру мен қаржылық тұрақтылыққа қолдау таныту алдыңғы орынға шықты. Коронавирустың экономикаға тигізген ауқымы мен залалын ескерсек, Ұлттық банктің қаржыландыру көлемі жалпы алғанда 2,3 трлн теңге болды.

"Шешуші фактор – мұндай бағдарламалардан уақытылы шығу, өйткені экономиканы мемлекеттік қолдау бағдарламалары, мемлекеттің және квазимемлекеттік секторлардың шығыстары, экономиканы Ұлттық банктен қаржыландырумен бірге, белгілі бір деңгейде инфляцияға қарсы қысым жасайтын өтімділіктің асып кетуі. Осындай бағдарламалардан уақытында кету – негізгі фактор болды, себебі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы шығындар мен Ұлттық банк тарапынан экономиканы қаржыландыру көлемін қоса алғанда, жүзеге асып жатқан экономиканы мемлекеттік қолдау бағдарламалары өткізу нарығын бірталай асырып, ол өз кезегінде инфляцияға қысым жасайды", - дейді ол.

Осы жағдайды ескере отырып, Ұлттық банк ақша нарығындағы өтімділіктің тиімділігін қамтамасыз етуге мәжбүр, басқа жағдайда, валюта нарығына артық қаражат түсіп, ол айырбастау бағамына қысым жасап кетуі мүмкін. Ресурстармен қамтамасыз етудің нарықтық емес шарттары нарықты бұрмалайды және ақша-кредит саясатының трансмиссиясын нашарлатады.

Осыған байланысты, Ұлттық банк экономиканың өсімі қалпына келгенде экономиканы несиелеу бағдарламаларынан 2023 жылы шыға бастайды. Бағдарламалардан толық шығатын уақытты және экономиканы несиелендірудің нарықтық принциптеріне толық ауысу уақытын 2025 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл қаржы ресурстарының бағасын қалыптастыруда бұрмалауға жол бермейді, ол өз кезегінде қаржы нарығын дамытуға және экономиакадағы бәсекенің артуына ықпал етеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: