Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналау төлқұжаттарын заңсыз сатқан әрбір жағдайға қатаң жаза тағайындалады деп сендірді, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Вакциналаудың жалған төлқұжаттарына келетін болсақ, мұндай жағдай орын алған. Осындай ақпарат алған бойда мен өзім Алматы қаласының әкімдігіне хабарластым. Таңертең біз бәрін өз бақылауымызға алдық, қауіпсіздік күштерімен жұмыс жасадық. Олар ұстауды жүзеге асырды, - деп еске алды Алексей Цой.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, жалпы мұндай әрбір жағдай бақылауға алынады.
Егер осындай жағдайлар туралы мәліметтер болса, бізге айтыңыздар, біз әрекет етуге дайынбыз. Өте қатал жаза қолданатын боламыз, деп сендірді министр.
Ол барлық медициналық қызметкерлерге қылмыстық жауаптылық бары ескертілгенін де қоса айтты.
Кез-келген азамат - дәрігер болсын, қасыңдағы кез-келген адам болсын, заңнан сытылып кете алмайтынын түсінуі керек. Бұл дәлелденген, анық нәрсе, өйткені қазір ақпараттық жүйенің әр дозасы өлшеулі, бірден көрініп тұрады. Ал егер осындай жағдай орын алса, қылмыстық жазалар қолданылады. Біз бәрін мониторингілеп, ерекше бақылауда ұстап отырмыз, - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрі.
Бұған дейін Алматыда екі жылдан бері декреттік демалыста отырған медбике вакциналау төлқұжаттарын сатқаны хабарланған болатын.
Әрбір вакциналау құжаты үшін ол 15 мың теңгеден алғаны хабарланған. Бүгінгі күні полиция қылмыстық іс қозғады, қалалық медициналық ұйымдардың барлық ақпараттық жүйелері тексеріліп жатыр, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өзінде қызметтік тергеу басталды.