"Баспана хит" және "7-20-25" ипотекалық бағдарламалары жабылады деген ақпарат дүңк етті осы аптада. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова келесі жылы аталған бағдарламалар тоқтатылатынын мәлімдеді. Әлеуметтік желі шулап қоя берді. Бұны да көп көрдіңдер ме деген сарынға саяды. Айта кетсек осы екі жобаның аясында 84 мың адам баспаналы болған, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Дегенмен бас шайқап бармақ тістеуге әлі ертерек деп сендіруде жауаптылар. Бұл жайлы сарапшылардан да сұрап көрсек.
Дәулет Мұқаев, баспана саласының сарапшысы, блогер:
Шамамен әлі 5500 адам баспаналы бола алады. Нарықта да қатты бүйтіп ажиотаж тудырудың да қажеті жоқ. Десе де Баспана хит әлі де жылдың соңына дейін жұмыс істеуі керек. Істейді де, қаржы лимиті аяқталғанша. "7-20-25" бағдарламасы келесі жылы да бола береді. Сондықтан қатты бір даурығып, қорқып шошудың қажеті жоқ.
"7-20-25" бағдарлама бойынша мемлекет тарапынан 1 триллион теңге ипотекалық несие берілуі тиіс. Әзірге оның тек 325 млрд теңгесі игерілген. "Баспана Хит" бағдарламасы да тиесілі 600 млрд теңге несиені игергеннен кейін жабылады. Бүгінге дейін бұл соманың 500 млрд теңгесі тұрғындарға берілген.
Тұрғын үй бағдарламалары деген сөз тұрғын үй құрылысына дем беру. Дағдарыс кезінде нақ осы сала тоқтаған емес. Оның үстіне мемлекеттің қолдауы кепілді инвестиция. Құрылыс жүреді, жұмыс орны, мердігерлер мен сервистік және басқа да қызметтердің аясы кеңейеді. Яғни бұл бизнес. Экономикада мультипликативті эффект деген ұғым бар. Қазақша қисынға салсақ қайтымы зор деген мағына. Демек мемлекеттік бағдарламалар реті келгенше тоқтамауы тиіс деп санайды маман. Ал тоқтаған күні тұрғын үй нарығы саласында қандай өзгеріс орын алуы мүмкін?
Дәулет Мұқаев, баспана саласының сарапшысы, блогер:
Бұл бағдарлама тоқтап қалатын болса әрине халыққа қиынға соғады. Неге, себебі Отбасы банкі де өзіндік бір монополиске айналып кету қаупі бар. Себебі ол жерде 50 процентін жинайды. Ал 20 ол біршама халық жинай алады ғой. Ал 50 процентті кез-келген адамға жинау ол қиын болады.