Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды, деп хабарлайды zakon.kz.
Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс.
Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400 пайызға жетеді. Мұның нарықтың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты қағидаты сақталмауда. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлемде жеңілдік алмайды, – деп келтіреді Президент сөзін Ақорда.
Президент өз сөзінде энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән берді.
Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді. Өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады, – деді Мемлекет басшысы.