Бақытбек Смағұл базар аралап жүр

Депутаттар демалысы қалай өтуде.

Парламент депутаттарының каникулға шыққанына тура 1 айдың жүзі болды. Біреуі демалыста, өзгесі өңірлерді аралап жүр. Ал кей халық қалауларымен байланысқа шығу тіпті мүмкін болмады. Осы ретте жаңадан сайланған кей депуттатар нендей шаруа бітіріп жатқанын бағамдадық, дейді "Еуразия" бірінші арнасы.

Иә, халық қалаулылары қазір каникулда. Демалыс деген аты болғанымен әдеттегідей ел-жұртты аралап, халықтың базынасын тыңдайды. Ең әуелі "нұротандық" ең жас депутат Мәди Ахметовке хабарластық. Ұялы телефоны сөндірулі. Десе де инстаграмда белсенді депутат соңғы рет Қараөткел ауылының тұрғындарымен кездескенін жариялапты.

Генадий Шиповскихпен де байланысқа шықтық. Мәжіліс депутаты Қызылорда облысын аралапты. Арал ауданы, Қазалы ауылына барған. Одан бөлек, жолы жоқ ең алыс шалғадайғы халықтың жағдайымен танысыпты. Әдетте сұхбат беруден қашпайтын азамат сырқаттанып қалғанын айтады.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мен Қазақстандамын. Астанада емеспін. Ем алып жүрмін, қиналып жүрмін.

Ал, Бақытбек Смағұл кәсіпкерлердің жағдайын сұрамақ болып, өңірлердегі базарларды аралаған. Саудасы тұралап, қиналған жандар қарызға белшесінен батып, нан-пұлға ақша таппай отырғандарына шағымданыпты.

Ешқандай сауда жоқ, әйтеуір ауылдың іші болған соң қарызға барып тамақ алып кетеміз!

Ақжолдықтар да қызу жұмыстың ортасында жүр екен. Партия төрағасы Азат Перуашевтың скайпқа шығуға да мұршасы болмады. Десе де партияласы Серік Ерубаев әріптестерінің атынан өзі жауап берді.

Серік Ерубаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Демалатын уақыт жоқ. Қыркүйек айында екінші сессия басталады. Жанайқайын прроблемаларын көтеру керек. Құжат жинап жатырмыз.

Дегенмен, бізге алтын уақытын қиғандардың бірі Файзолла Каменов болды. Депутат күні кеше Нұр-Сұлтанға оралыпты. Бір айдың ішінде сегіз өңірді аралағанын айтады.

Файзолла Каменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

7-8 өңірді аралап қайттық. Мен өзім 1 шілдеден бастап ШҚО мен Семейде, Риддерде болдым. Одан кейін Қостанай облысында болып қайттық. Басты проблема ауыз су жоқ. Жайлым жер проблемасы, интернеттің проблемасы.

Қазақстан халық партиясының атынан сайланған жаңа депутат Ғазиз Құлахметов алғашқы каникулын Қарағанды мен Алматы облысында өткізіпті. Ауыл тұрғындары 30 жылдан бері қордаланып қалған мәселелерін айтқан. Оның ішінде ауыз су, қуаңшылық пен мал жайылымдары өзекті, дейді.

Ғазиз Құлахмет, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шаруалармен кездесу, адамдармен кездесу. Қарағанды облысында болдым өзім , Алматы облысында болдым, Алматы қаласында болдым. Су тапшылығы. Қазір қуаңшылық Алматы облысы бойынша мысалы. Ешқайда барайын деп жатқан жоқпын, эпидемиологиялық ахуал біріншіден. Екіншіден, Аллаға шүкір өзге адамдарға қарағанда мысалы өзімнің баратын ауылым бар. Сондықтан қалада боламын, не ауылда боламын. Нақты жоспар жоқ.

Хош, өзге де депуттарға хабарластық. Алайда бірінің сұхбат беруге қолы тимесе, өзгесінің телефоны сол күйі сөндірулі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: