Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы жастардың 6,7%-ы оқымайды және жұмыс істемейді, деп хабарлайды zakon.kz LS-ке сілтеме жасап.
2021 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша мұндай жастардың ең жоғары үлесі Қарағанды облысында – 9,1%, делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.
Ақмолада – 8,9%, Қызылордада – 8,1%, Маңғыстау, Ақтөбе және Түркістанда – 7,5% және Жамбылда –7,4%.
Ең азы БҚО-да – 3,8%, СҚО-да – 4,8%, Қостанай және Павлодар облыстарында – 4,9%, Атырау облысында – 5,5%.
Ірі қалаларға келетін болсақ, Алматыда бұл көрсеткіш 5,7%-ды, Нұр-Сұлтанда – 6,9%-ды, Шымкентте – 7,3%-ды құрады.
Оқымайтын және жұмыс істемейтін 15-28 жас аралығындағы жастарды NEET (not in education, employment or training) немесе "ни-ни" (ni estudia, ni trabaja) деп атайды.
Сонымен қатар, ұлттық статистика бюросында 2010 жылдан бастап NEET тоқсандық деректері бар және 6,7% деңгейі осы уақыт ішіндегі ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Салыстыру үшін: 2020 жылдың ұқсас тоқсанында бұл көрсеткіш 7,6%-ға жетті.
Ұлттық бюро мәліметінше, II тоқсанда Қазақстанда 15-28 жас аралығындағы 2,07 млн адам жұмыс күші болып табылады. Бірақ 2 млн-ға жуық адам немесе олардың 96,3%-ы бос емес. Осылайша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7% құрады.
Егер аталған көрсеткішті өңірлер бойынша қарастыратын болсақ, жастардың жұмыспен қамтылмауының ең жоғары деңгейі Алматыда – 5,4%, Нұр-Сұлтанда – 4,6%, Қызылорда облысында – 4,2%, Қарағанды облысында – 4% және Шымкентте – 3,9% тіркелген.
Ең азы – Атырау облысында (2,4%), сондай-ақ, СҚО, Жамбыл, Павлодар облыстарында (2,9%-дан).