Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев туристердің тауда қауіпсіздігі мен жайлы болуын қамтамасыз ететін шаралар кешені туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында Алматының тау кластерінің туристік әлеуетін дамытуда ең бастысы туристер мен альпинистердің қауіпсіздігі мен жайлылығы екенін атап айтты.
Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі модульдік құрылым сияқты үйшіктердің қалай құрастырылып жатқанын тексерді.
Қызғылт сары түсті модульдердің іші жылыту пеші, апаттық жағдайда қажет жинақпен жабдықталған. Ішінде алғашқы көмек көрсету жинағы, маршрут картасы, мобильді құрылғыны қуаттау стансасы, жылы көрпе мен азық-түлік жиынтығы бар. Шатырда SOS спутниктік сигналын құтқарушылар пультіне жіберетін дабыл түймелері бар радиорелелік діңгектер орнатылған, деп жазды Б. Сағынтаев.
Таудағы қауіпсіздік шаралары шеңберінде Үлкен Алматы мен Тұйық су шатқалдарында бақылау-құтқару пункті ашылады. Онда тікұшақ алаңын ашу да жоспарда бар. "Шымбұлақта" қысқы маусымға дайындық жүргізілуде – шаңғы трассалары мен қонақ үй жаңартылуда. Сондай-ақ визит-орталық ашылады.
Алматы әкімі Medeu Park Hotel-ді құру, жаңартылған Qazaq Auyl экокешені мен альпинистердің сүйікті мекені – Тұйық су шатқалындағы глэмпингті құру жобаларымен танысты. "Медеудің" төменгі бөлігінде арқаны бар саябақ пен денсаулық жолы салынуда.