Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) мобильді қосымшалары арқылы "Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау" және "Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау" мемлекеттік қызметтерін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды бастады, деп хабарлайды zakon.kz.
Жаңа сервис азаматтар үшін ағымдағы жылғы 5 қазаннан бастап қолжетімді болады.
Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы мемлекеттік қызметтерді алу ыңғайлылығы – бұл жеке ЭЦҚ-кілттерді пайдалану және қосымша ақпаратты енгізу қажеттілігінің болмауы.
Пилоттық жобаға Каспи Банк пен Халық банкі қатысуда. Жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем тағайындауды ресімдеу үшін осы банктердің бірінің мобильді қосымшасында мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бөлімді табу, тиісті мемлекеттік қызметті таңдау және дербес деректерді өңдеуге келісімді растау қажет. Өтінімді жібергеннен және оны мемлекеттік орган тарапынан қарағаннан кейін көрсетілетін қызметті алушыға оны қарау нәтижесі және тағайындалған төлем сомасы туралы PUSH-хабарлама және SMS жіберіледі.
Бұл жоба келесі тоғыз айда жүзеге асырылады. Оң динамика мен сұраныс болған, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер техникалық жағынан дайын болған жағдайда жоба пилоттық форматтан қолданыстағы форматқа көшіріледі деп жоспарлануда. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар басқа екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтасу және ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы көрсетілетін қызметтердің тізбесін кеңейту үшін ашық, – деп атап өтті Еңбекмині Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаментінің директоры Анар Төлеубаева.
Азаматтардың кең ауқымына қолжетімді мемлекеттік органдардың дерекқорларын және өзге де платформаларды интеграциялау бойынша осындай жобаларды іске асыру халықты электрондық мемлекеттік қызметтермен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді, олардың қолжетімділігін, ыңғайлылығын арттырады және көрсету уақытын қысқартады.