СҚО полицейлері әлеуметтік желілердің таспаларында жарияланған хабарламалар бойынша соңғы айда Жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін 38 әкімшілік хаттама толтырды. Соңғы уақытта облыс жолдарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне бей-жай қарамайтын қолданушылардың белсенділігі байқалады, деп хабарлайды zakon.kz СҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қыркүйек айында барлығы әлеуметтік желілерде солтүстікқазақстандық полицияның қызметіне қатысты 100-ге жуық пост орналастырылған. Дені жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі белгілермен белгіленген және тоқтау қағидаларын немесе көлік құралдарын қою талаптарын сақтамаумен байланысты.
Талдау көрсеткендей, көбіне петропавлдықтар ЖЖЕ осындай бұзушылықтарына көңіл бөледі және әлеуметтік желілерге орналастырады. Барлық расталған фактілер бойынша полицейлер ден қояды, әкімшілік хаттамалар толтырылады, посттарға пікірлер орналастырылады.
Куәгерлердің тіркеген бейнематериалдары бойынша бес жүргізуші апаттық жағдай туғызғаны үшін жауапкершілікке тартылды. "Волга" көлігінің жүргізушісі ауладан шығып, негізгі жолмен қозғалып келе жатқан көлікті өткізбеген. Бейнетіркегішке тіркелген осы жағдай туралы бейне әлеуметтік желіге шыққан. Петропавлдыққа қатысты ҚР ӘҚтК 606-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
2021 жыл — Құқық бұзушылықтар профилактикасы және "халыққа жақын полиция" қағидатын қамтамасыз ету жылы. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын іске асыруда ашық көздермен кері байланысты қамтамасыз ету аса маңызды болып табылады. Белгілі әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша қабылданған шаралар жазадан бұлтартпау қағидатын қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық санасын нығайтуға септігін тигізеді. Осындай онлайн режиміндегі әңгімелесу алаңы – шын мәнінде полиция жұмысының сервистік моделін қамтамасыз етуге септігін тигізеді, - деп атап өтті СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.