Сербия астанасы Белградта бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекелері басталды. Дүниежүзілік біріншіліктің күндізгі сессиясында құрама сапынан үш спортшы шаршы алаңға шығып, екеуі келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жартылай финалдық жекпе-жектерді 48 келідегі боксшылар бастады. Аталған салмақ дәрежесінде Теміртас Жүсіпов ел намысын аброймен қорғап, финалға шықты, деп жазады Olympic.kz.
Ол Беларусь спортшысы Евгений Кармильчикпен кездесті. Тартысты жекпе-жек 5:0 есебімен Теміртас Жүсіповтың еншісіне шешілді. Осылайша, Теміртас биылғы әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Әлем чемпионатының алтыны үшін отандасымыз Теміртас Жүсіпов тайландтық Вуттичай Юрачаймен кездеседі.
Қазақстан сапынан екінші болып шаршы алаңға Махмұд Сабырхан шықты. Ол 54 келі салмақ дәрежесінің финалдық жолдамасын сарапқа салды. Жартылай финалда үндістандық Акаш Кумармен тартысты жекпе-жек өткізіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Жекпе-жек аяқталғаннан кейін ол бүгінгі кездесуді қорытындылап, бапкерлердің қойған арнайы тактикасымен жұдырықтасқанын жеткізді.
"Бүгінгі жекпе-жекте үндістандық боксшымен жұдырықтастым. Кеше қарсыласымның осыған дейінгі жекпе-жектерін көріп, танысып, бапкерлермен жұмыс істедік. Бапкерлерім "қарсыласың бұл спортшыны жүріп жұдырықтасады және соққыларын күтіп, қарсы соққы жасап отыр" деп кеңес берді. Сонымен қатар, бапкерлер "өз стиліңде жұдырықтас" деп ақылын айтты. Бапкерлердің кеңесіне құлақ асып, жеңіске жеттім. Енді келесі қарсыласымды жіті бақылап, боксымен танысып, ертеңгі жекпе-жекке дайындаламын. Әлем чемпионы атанып, әнұранымызды шырқатуға тағы аз қадам қалды", - дейді Махмұд Сабырхан.
Махмұд Сабырханның финалдағы қарсыласы жапониялық Томоя Цубай болады. Олар 5 қараша күні кездеседі.
Капитан үшінші қоласына қол жеткізді
Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатындағы жолын жартылай финалдан аяқтады. Ол жартылай финалда жапониялық қарсыласына жол беріп, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері атанды.
Айта кетерлігі, Абылайхан Жүсіпов осыған дейін 2017 және 2019 жылдары әлем чемпионатының жартылай финалында қарсыластарына жол берген.
Белград шаршы алаңында кешкі сессияда Қазақстан сапынан Серік Теміржанов және Сәкен Бибосынов жарыстың финалдық жолдамасын сарапқа салады. Әлем чемпионатының кешкі сессиясы елорда уақытымен сағат 23:00-де басталады.