Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым GFFO (German Federal Foreign Office) қаржылық қолдауымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Ауғанстан азаматтарына көмек көрсету бойынша гуманитарлық акция өткізді.
Гуманитарлық көмек аясында Қазақстандағы ауған студенттеріне қаржылық және консультациялық-құқықтық қолдау көрсетілді. Акция Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Нұр-Сұлтан қалаларында өтті.
Әрбір мемлекет қиын өмірлік жағдайға тап болған мигранттарға қатысты қабылдай алатын қолдау шараларының пакетін дербес айқындайды. Акцияның негізгі бағыттарының бірі білім алуды жалғастыру үшін Ауғанстаннан келген азаматтардың Қазақстанда болуының құқықтық мәртебесін заңдастыру болып табылады. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова
Қазақ жеріне білім алуға келген ауған жастары туған жеріндегі қалыптасқан ахуалға алаңдаулы.
Қазір біздің отбасыларымыздан ақша алу мүмкіндігіміз жоқ, өйткені елдегі банк жүйесі әлі жұмыс істемейді. Ешкім ақша жібере де, аудара да алмайды. Ауғандық студент Мұхаммед Кабир Ехсан
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының рөлін атқаратын Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықта (АҚЖҰО) атап өткендей, барлық студенттерге заңдық, құқықтық және консультациялық қолдау көрсетілді. Акцияның негізгі міндеттерінің бірі олардың ҚР-да болуының құқықтық мәртебесін заңдастыруды қамтамасыз ету.