"Митингте жоқсыз ғой". Бақытжан Базарбек пен Мұхтар Тайжан дебат кезінде ілігісіп қалды

Алматы қаласындағы №5 округ бойынша Мәжіліс сайлауына түсіп жатқан қос кандидат Мұхтар Тайжан мен Бақытжан Базарбек TALAP.Talks YouTube арнасындағы тікелей эфир кезіндегі сөзталқы барысында ұрсысып қала жаздады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Төрт үміткер (екеуі  - "Аманат" партиясының өкілдері Асқар Хикметов пен Олжас Сүлейменов) қатысқан бұл дебаттың сұрақ-жауап айдарында Мұхтар Тайжан мен Бақытжан Базарбек бір-бірімен ілігісе кетті. Бірінші болып Мұхтар Тайжан өз сұрағын ортаға тастады:

"Бақытжан мырза, көбіне жер мәселесімен айналысасыз. Керемет. Бірақ 2016 жылы "Жер кодексінің" тағдыры шешіліп жатқанда неге бізбен бірге алаңда жүрмедіңіз. Митингтен көрмедік қой Сізді? Сол кезде біз жерден айырылып қала жаздадық, неге Сіз үндемей қалдыңыз?..".

Осы сауалға жауап берген Бақытжан Базарбек Тайжанның отбасылық шиеленісінен бастап, Марғұланның берген ақшасына дейін тізбелеп, өзіне тап берді.

"2016 жылы Сіз алаңда "халық-халық" деп бос ұрандап, алаңда өтірік шырылдап жүргенде, біз мына жақта арнайы іс-шаралар, конференциялар өткізіп жаттық осы тақырыпта. Арнайы ұсыныстарды алға тартып, мәселені сарапшы ретінде талқыладық. Уақыт тауып, интернетке кірсеңіз, сол кездегі құжаттар астынан менің аты-жөнімді де көресіз. Сізде бос сөз көп, Сізде іс жоқ. "Халық" деп негізінде бизнестің, өз пайда көзіңізді тауып отырсыз. Мәселе сонда". Бақытжан Базарбаев

Осылай деген Базарбаев дебаттың өң бойында Мұхтар Тайжанды лоббист, популист, тіпті жемқор деп айыптаумен болды.

"Марғұлан Сейсембаев митинг кезінде өзіңізге көмектесті. Сізге сеніп, 237 мың доллар берді. Айтыңызшы, арыңыз мазаламайды ма Сізді?", деген ол Тайжанның отбасылық жағдайларына да тоқталып, "өз ағайынымен ымыраға келе алмаған жан сайлаушылардың басын қалай қосады" деп таң-тамаша болды.

Жеке басқа көшкені үшін кейіген Мұхтар Тайжан дебатқа келген үш "аманаттықты" жемқор биліктің өкілдері, жеке басқа табынушылар" деп айыптады.

 

Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: