"Құрметті Ильхам Гейдар оглу екеуміз өзара сенімге сүйене отырып, арадағы ынтымақтастықтың барлық аспектілері бойынша пікір алмастық, өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша "сағат тілін" теңестіріп, қарап қойдық. Екі елдің өзара іс-қимылын одан әрі тереңдете түсудегі перспективалар мен бағыттар да талқыланды. Жарты жылдан астам уақыт бұрын біз стратегиялық әріптестікті тереңдету және одақтастық қатынастарды кеңейту жөніндегі декларацияға, 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасына, сондай-ақ басқа да бірқатар құжаттарға қол қойдық". Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Президентінің айтуынша, қазір бұл уағдаластықтардың барлығы дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Ондағы маңызды шешім екіжақты қатынастарды кешенді нығайтуға қызмет етуші Жоғары мемлекетаралық кеңесті құру болды.
Қазақстан мен Әзірбайжан сауда-экономикалық салада өзара тиімді негізде ынтымақтастық құрған.
"Біз өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиардтық межеге жетіп жығылғанын мақтана атап өттік. Алайда, сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті мұнымен шектелмейді. Біз экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға келістік". Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін толыққанды игерудің маңызы зор.
Біз бұл арада логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік жағдайды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және түйінділген логистикалық циклды қалыптастыру туралы айтып отырмыз.
2022-2027 жылдарға арналған орта дәлізді дамыту жөніндегі Жол картасын тиімді іске асырудың да маңызы зор. Біз осы бағытта артқан қызығушылықты толыққанды пайдаланып, оның инфрақұрылымдық дамуына үшінші елдерді тарту маңызды деп келістік. Осы шаралардың барлығы, сондай-ақ біздің халықаралық әріптестерімізбен өзара тығыз іс-қимыл "Шығыс-Батыс" бағыты бойынша жүктерді жеткізудің тұрақтылығы мен жеделдігіне кепілдік береді.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Әлемдік нарықтарға энергия ресурстарын жеткізу ісін одан әрі әртараптандыру – маңызды міндет.
"Қол жеткізген уағдаластықтарымыздың нәтижесінде биыл Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының бірінші партиясы жөнелтілді. Келесі қадам –жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту және оны ұзақмерзімді әрі тұрақты жеткізу бағытына айналдыру. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған маңызды бастамаларды жеке қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлу Әлиевке алғыс айтқым келеді. Біз экономикамыздың жаңа "өсім деңгейі" бола алатын серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға арнайы тоқталдық". Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп және құрылыс салаларында бірлескен ірі кәсіпорындар ашуға болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне бірлесіп іске қосу үшін ірі жобаларды анықтауды тапсырды.
"Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Өткен жылы ауыл шаруашылығы кешені өнімдері бойынша екіжақты сауда-саттық үш есе артып, 146 миллион долларға жетті. Осылайша, қазір жалпы тауар айналымының үштен бір бөлігінен астамы ауыл шаруашылығына тиесілі. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу ісін одан әрі арттыру маңызды екенін атап өттік". Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының айтуынша, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзербайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пайдалану ұсынылады.