Қазақстан Үкіметі бірқатар функциясынан айырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорда хабарлайды. 

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды, делінген хабарламада.

Құжатқа сәйкес, бұрын хабарланғандай, мемлекеттік басқару деңгейіндегі өкілеттіктер арасында орталықсыздандыру шеңберінде Үкіметтің функциясынан құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру алынып тасталады.

Сондай-ақ, Үкімет Республика заңдарының орындалуын қамтамасыз етпейді, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар олардың орындалуын бақылайды.

Сонымен қатар, министрліктер өз құзыреті шегінде инвестицияларды, мәдениетті, білім беруді, денсаулық сақтауды, туризм мен спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастырады делінген.

Бұдан басқа, үкіметтің құзыретінен мына функциялар алынып тасталады:

- Конституциялық заңда бекітілген Ұлттық стандарттар мен олардың бейнелеріне сәйкес келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

- Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту.

Бұл функциялар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органдарға беріледі.

Заң мәтіні баспасөз беттерінде жарияланады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: