Қазір Қазақстанда 27 моноқала бар және оларда 1,4 млн адам тұрады. Бейсенғалиевтің сөзінше, оның біразында шешілмеген, бір-біріне ұқсас проблемалар аз емес.
"Негізгілері – тұратын жерінен көшіп кету, халық санының азаюы, жоғары жұмыссыздық деңгейі, инженерлік, көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен төмен материалдық-техникалық қамтылуы. Мысалы, Екібастұз, Кентау және Арқалық қалаларында су желілері, канализациялық, жылу және электрмен жабдықтау жүйелердің тозу мөлшері 85%-дан асады. Арқалықта жолдардың 80% артығы қанағаттандырылықсыз жағдайда, ал бала өлімі көрсеткішінің өсуі 2022 жылы 40% артқан. Оның негізгі себебі – медицина кадрларының тапшылығы мен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы деңгейінің төмендігі. Нәтижесінде халықтың 50%-дан астамы басқа өңірлерге көшіп кетуге мәжбүр болды". Депутат Берік Бейсенғалиев
Осыған орай, ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Бірақ үкімет жоспарды әлі бекіткен жоқ.
Депутат 2023 жылдан бастап іске асырылуға тиіс кешенді жоспарлар әлі орындалмай отырғанына наразы. Ол бұл мәселе Amanat партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы барысында моноқалалардың жұртшылығымен болған кездесулерде де көтерілгенін еске салды.
"Жоспарларды уақтылы қабылдау шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашумен өңірге өнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайтуға және жеке инвестициялар тартуға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерінде қолайлы жағдайлар жасауға, сонымен бірге халықты орталықтандырылған сумен қамтуды жақсартуға, халықтың кетуін азайтып қана қоймай көшіп кеткендердің қайта оралуы үшін жағдай жасауға мүмкіндіктер береді деп болжанып отыр. Жоғарыда айтылғандарға байланысты моноқалалар және олардың жанындағы аудандардың дамуы үшін аталған кешенді жоспарлар жобаларын үкіметтің бекітуін жеделдету және оны іске асыруға кірісу қажет деп санаймыз", - деді депутат.
Amanat партиясының фракциясының депутаттары сауалын ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары
Роман Склярға жолдады.