Мемлекет басшысы геосаяси шиеленіс орын алған мына заманда "цифрландыру" жаңа мүмкіндікке жол ашады деп пайымдайтынын айтты.
"Геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің белең алуы әлемдік экономиканы өзгертіп жатыр. Бұл экономиканы баяулатып қана қоймай, жаһандық өсім мен тұрақтылыққа кедергі келтіруде. Алайда кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашатынын уақыт көрсетті. Орасан зор технологиялық серпін беретін «цифрландыру» осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз".Қасым-Жомарт Тоқаев
Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді.
Президенттің тұжырымдауынша, жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді
Цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр.
Болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады.
"Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз. Басқаша айтқанда, цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздеп отырмыз", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Таяуда әлемдегі 62 ел Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады.
"Мұны бізге артылған зор сенім және Қазақстанның әлемдік аренаға шығудағы маңызды кезеңі ретінде қабылдадық".Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұл орталық мемлекеттер арасында "цифрлық тосқауылдардың" пайда болуының алдын алуға бағытталған жаһандық, өңірлік және ұлттық мүддені жұмылдыруға арналған.
"Адами капитал шешуші рөл атқаратыны бәрімізге де мәлім. Бірақ цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін де осы – адами фактор. Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз", – деді ол.
Президенттің пайымынша, түпкі мақсат – цифрлық өсімге бағдарланған креативті қоғам қалыптастыру.
"Біздің адамдар жаңа идеяларды қабылдауға, жаңаша ойлау мен жаңа нәрсе ойлап табуға бейімделуі керек", – деп сөзін түйіндеді Президент.
Сондай-ақ 8 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Кездесу барысында елімізде энергетика, көлік-транзиттік тасымал, "жасыл" экономика, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру перспективалары талқыланды.