Премьер-министр: Алдағы бес жылда мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 25%-ынан аспайды

Премьер-министр Әлихан Смайылов парламент палаталарының бірлескен отырысында алдағы бес жылда мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде сақталатынын және ішкі жалпы өнімнің 25%-ынан аспайтынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 25%-ынан аз. Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік қарызды азайту мәселесі тұрақты бақылауда.

"Ал бұл жұмыс әлемдік тәжірибеге сай жүргізіліп жатыр. Қазір мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде".Әлихан Смайылов

Былтыр бюджет кірісі 42% өсті. Биыл да үкімет өсім күтеді. Әлихан Смайыловтың айтуынша, мұндай қарқын алдағы уақытта да сақталып, валюталық тәуекелді азайту үшін теңгемен несие алу керек.

"Жалпы алдағы бес жылда мемлекеттік қарыз деңгейі қауіпсіз деңгейде болады. Сонымен қатар ол ЖІӨ-нің 25%-ынан аспайды".Әлихан Смайылов

Өз кезегінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жүргізіліп жатқан мемлекеттік қарызды басқару саясаты белгіленген қаржы шектеуін қатаң сақтай отырып жүргізілетінін атап өтті.

"Біз қабылданған міндеттемелердің ашықтығы мен айқындығын арттыру бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын қолдаймыз. Олар жұмыс барысында ескеріледі. Депутаттар мен Жоғары аудиторлық палата көтерген мемлекеттік жоспарлау жүйесін және қаражатты тиімді пайдалануды жетілдіруге қатысты басқа да мәселелер арнайы Жол картасына енгізіледі", - деді Ерұлан Жамаубаев.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы - 25,3 трлн.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: