Қазақстанда бір жылда қандай азық-түлік арзандады
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Инфляция баяулағанымен, әлі де сақталып отыр
2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3% болды. Өткен жылдың қыркүйегінде бұл көрсеткіш 12,9%-ды құраған. Осылайша, 12 айда инфляция 3,6 пайыздық тармаққа төмендеді.
Азық-түлік инфляциясы да баяулап, 8,5%-ға жетті. Бұған жеміс-көкөністің жекелеген түрлерінің арзандауы және ет бағасының өсу қарқынының бәсеңдеуі ықпал етті.
Күнделікті тұтынатын тауарлар бағасындағы өзгерістерді бағалау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) жылдық баға индекстерін салыстырдық.
Өткен жылдың қазанында негізгі азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 10,3% болса, қазір бұл көрсеткіш 2,1%-ды құрайды.
Алайда бұл көрсеткіштерді тікелей салыстыруға болмайды. Себебі 2025 жылғы желтоқсаннан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілді. Сондықтан талдау үшін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы 21 қазанда және 2026 жылғы 21 қазанда жариялаған деректерде бар тауарларды таңдадық.
Май, қырыққабат пен пияз: баға өсімі баяулады
Күнбағыс майы бағасының өзгерісі ерекше байқалады. 2025 жылғы қазанда оның бағасы бір жыл бұрынғыдан 26,6%-ға жоғары болса, 2026 жылғы қазанда жылдық өсім 6,2%-ды құрады. Осылайша, бағаның өсу қарқыны 20,4 пайыздық тармаққа баяулады.
Ақ қауданды қырыққабат бағасының өзгерісі де осыған ұқсас. Бір жыл бұрын оның бағасы 22,2%-ға өскен болса, қазір өсім 8,1%-ды құрайды. Айырмашылық – 14,1 пайыздық тармақ.
Пияз бағасының өсуі одан да қатты баяулаған. Өткен жылдың қазанында ол 14,3%-ға қымбаттаса, биылғы қазанда жылдық өсім небәрі 1,3% болды.
Бағасының өсу қарқыны баяулаған басқа өнімдер:
- Сәбіз: 18%-дан 15,7%-ға дейін;
- Тұз: 17,6%-дан 14,8%-ға дейін;
- Бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан: 5,1%-дан 2,6%-ға дейін.
Инфляцияның баяулауы тауарлардың арзандағанын білдірмейді. Мысалы, күнбағыс майы мен қырыққабаттың бағасы әлі де өсіп жатыр, бірақ өткен жылмен салыстырғанда баяуырақ.
Картоп, жұмыртқа және макарон керісінше қымбаттады
Инфляцияның жалпы баяулауына қарамастан, кейбір негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы жылдам өсе бастаған.
- Картоп. 2025 жылғы қазанда оның жылдық қымбаттауы 9,3% болса, 2026 жылғы қазанда 15%-ға жетті. Өсу қарқыны 5,7 пайыздық тармаққа жеделдеді.
- Бірінші санаттағы жұмыртқа. Бағаның жылдық өсімі 3,7%-дан 9%-ға дейін артты. Қарақұмық жармасының бағасы да 8,7%-дан 10,3%-ға дейін өсті.
- Макарон өнімдері. Өткен жылдың қазанында рожки макаронының бағасы бір жыл бұрынғыдан 2,8%-ға төмен болған. Ал биыл оның бағасы 8,4%-ға қымбаттады.
- Бірінші сұрыпты бидай ұны. Бір жыл бұрын ұн бағасы 1,8%-ға арзандаса, қазір 3,3%-ға өскен.
Қандай өнімдер шынымен арзандады?
Инфляцияға қарамастан, Қазақстанда кейбір азық-түлік өнімдері бір жыл ішінде пайыздық көрсеткіш бойынша ғана емес, теңгемен есептегенде де арзандаған. Әсіресе күріш, қант және көкөністің жекелеген түрлерінің бағасы төмендеді.
Ел бойынша ақталған күріштің бір килограмы 2025 жылғы 21 қазанда 399 теңге тұрса, 2026 жылғы 21 қазанда 341 теңгеге дейін арзандады. Баға 58 теңгеге немесе 14,5%-ға төмендеді.
Құмшекердің бағасы осы кезеңде бір килограмы үшін 428 теңгеден 414 теңгеге дейін түсіп, 3,3%-ға арзандады.
Қырыққабаттың бір килограмы 182 теңгеден 165 теңгеге дейін төмендеді. Бұл – 9,3%. Ал картоптың бағасы 195 теңгеден 178 теңгеге дейін, яғни 8,7%-ға арзандады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,75%-дан 16,25%-ға дейін төмендетті.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция мен инфляциялық болжамдардың төмендеуі базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік берген. Қабылданған шешім инфляцияның одан әрі баяулауын қамтамасыз ету және 2028 жылы инфляцияны 5% нысаналы деңгейіне қайтару үшін қажетті ақша-кредит жағдайларының қалыпты қатаңдығын сақтауға бағытталған.