Қазақстанда 11-15 жастағы жасөспірімдердің 10%-ы вейп шегеді

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 26 қыркүйекте өткен үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде ересек тұрғындардың 21%-ы темекі тартады, балалардың 20%-ы артық дене салмағынан, ал 6%-ы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі - 10%, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі -17,5%, артық дене салмағының таралуы 15% болып отыр.

Сонымен қатар осы саланың өзекті мәселелері де бар. Бірінші - медициналық көмектің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мәселелер бойынша халықтан шағымдардың ең көп саны Астана, Алматы қалаларына, Ақмола, Атырау облыстарына тиесілі.

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3,3 млн халық сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Ең көп саны Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында байқалады. Медицина кадрларына деген қажеттілік төмендеуіне қарамастан әлі де сақталып отыр. Бұл көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында басым. Сонымен қатар медицина объектілерінің инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Бүгінде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медицина объектілері жоқ. Ғимараттардың тозуы 56%, медициналық техникамен жарақтандыру -50%", - делінген Ажар Ғиният баяндамасында.

Министр осы өзекті мәселелердің шешілу жолдарына да тоқталды.


"Алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін медицина көмегінің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жекеменшік ұйымдар көрсетеді, яғни бәсекелестік үшін жеке медицина кеңінен тартылып жатыр. Амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыру ұлғайды. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 60% жалпы көлемнің 56%-ына тең. 3 жылда консультациялық-диагностикалық көмек 7 есе өсті. Қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі 9 есе, МРТ - 6 есе өсті. Биыл 6 айда 200 млннан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді".Ажар Ғиният
Қазақстан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: