6 мамырда мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсімінде Мемлекет басшысы бұл күндері елімізде дәстүр бойынша Ұлы Жеңіс күніне арналған еске алу іс-шаралары өткізілетінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, бұл мереке Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы халқымыздың табандылығы мен батылдығын айшықтайды.
"Келесі жылы бүкіл әлем Жеңістің 80 жылдығын кеңінен атап өтеді. Қазақстанның фашизмді жеңуге қосқан зор үлесін ескере отырып, алдағы мерейтой еліміз үшін де ерекше маңызға ие. Сондықтан Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында оған дайындықты алдын ала бастау тапсырылған болатын", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты.
"Бүкіл еліміз бойынша оларға ескерткіштер орнатылды. Көшелер мен алаңдар, мектептер мен училищелер, әуежайлар мен әскери бөлімдер олардың есімімен аталады. Ардагерлер жыл сайын Жеңіс күніне орай қосымша төлемдер алады. Биыл оның көлемі 3 миллион теңгеге дейін өскен", - деді Президент.