Қазақстан мен Сингапур қызметтер саудасы мен инвестициялар туралы уағдаласты

Мәжіліс депутаттары 2024 жылғы 12 наурызда палатаның жалпы отырысында Қазақстан мен Сингапур арасындағы қызметтер саудасы мен инвестициялар туралы келісімді ратификациялады. Құжат Сенаттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатты сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ұсынды. Оның айтуынша, келісімді ратификациялау сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, қазақстандық қызметтерді экспорттаушылар үшін серіктес нарығына қолжетімділікті ашуға, қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар құру үшін мүмкіндіктер қалыптастыруға және өзара инвестицияларды тарту және қорғау үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.

"Сингапурмен келісім Қазақстан үшін қызметтердің еркін саудасы туралы алғашқы келісім болып табылады. Бұл ел қызметтерде дамудың озық тәжірибесіне ие, бұған оның экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жалпы әлемдік экономикадағы флагман, ірі IT және қаржылық хаб. Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 млрд долларды құрады, оның ішінде қазақстандық экспорт 94%. 2023 жылы Сингапурмен қызметтер саудасы 9,6 млн долларды құрады, қазақстандық қызметтер экспортының үлесі 37%", - деді министр.

2023 жылы Қазақстаннан Сингапурға 3,5 млн долларға қызмет көрсетілді. Ал, Сингапурдан Қазақстанға өткен жылы 6 млн долларға қызмет көрсетілді.

Арман Шакқалиев сондай-ақ Сингапурдан келген инвесторлар Жамбыл облысында цемент зауытын салуды, Ақтау портын қайта жаңартуды, Қарағанды облысында алтын кен орнын игеруді жоспарлап отырғанын айтты.

"Келісім шеңберінде біз қазақстандық бизнес үшін Сингапурдың қызметтер нарығына қолжетімділікті кеңейтіп, жақсарттық. Осылайша, Сингапур ДСҰ-дағы міндеттемелер шеңберінде ашылған қызметтер секторларынан басқа, Қазақстан үшін дистрибьютерлік қызметтер, білім беру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтер нарығына қосымша қол жеткізуді ашты. Сонымен қатар, келісім инвестицияларды жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы және болжамды жағдайларды көздейді, сондай – ақ халықаралық практикаға сәйкес инвесторларды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді", - деп толықтырды сауда министрлігінің басшысы.

Айта кетейік, Сингапурдың Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі соңғы 10 жылда 1,7 млрд доллардан асады.

2024 жылдың мамыр айында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Республикасына сапармен барып, бірқатар құжаттарға қол қойды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: