Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетсек, 2024 жылы 6 маусымда сенаторлар "Масс-медиа туралы" заңды және оған ілеспе "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарды қарап, мақұлдады.
Заң жобасы Президенттің "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңды қайта қарау жөніндегі тапсырмасы шеңберінде мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысы мен медиасфераның даму үрдісін ескере отырып қолға алынды.
Жұмыс тобының құрамына медиа қоғамдастық өкілдері, сарапшылар, сонымен қатар кездескен мәселелерді шешу мақсатында тиімді құқықтық тетіктерді әзірлеу үшін азаматтық қоғам өкілдері де тартылды. Жалпы, бүгінге дейін жұмыс тобының 57 отырысы өткізілді.
Қазіргі уақытта заң жобасында журналист мәртебесін арттыруға, гранттық қаржыландыру тетіктерін реформалауға, қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған бірқатар негізгі новеллалар бекітілген.
Ұсынылып отырған новеллалар бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеу, БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін қысқарту және т.б. тетіктерге де қатысты.
Аталмыш заңдар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге арналған. Сол себепті заңда бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің мақсаттары, принциптері мен міндеттер бекітілген.
Айта кетсек, 2024 жылы 19 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.