Ерлан Қарин: "Билік қазақ тіліне қиянат жасады" деу – бос әңгіме, даурықпа сөз

Сурет: akorda.kz
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желіде айтылып, қызу талқыланып жатқан мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты өз ойымен бөлісті. Саясаткер мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы екенін нақтылайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекеттік кеңесші ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс екенін, бірақ "билік қазақ тіліне қиянат жасады" деу – бос әңгіме, даурықпа сөз екенін айтады.

"Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты. Жалпы, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек "қазақ тілінің болашағы жоқ" деп айту ешқандай қисынға келмейді", деп жазды Қарин Facebook-тегі парақшасында.

Ол бұл жерде мына бір нәрсені түсініп алуымыз керектігін, мемлекеттік тілдің мәртебесі "ұр да жық" әдіспен өспейтінін нақтылайды.


"Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылады. Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз.Сөз соңында мына дүниені айтқым келеді. Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты ғана емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. "Ұлттық киім күнін" қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен "Ұлттық кітап күні" де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді", деп сөзін түйіндейді ол.

Бұған дейін ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА сессиясында сөйлеген сөзіне тоқтала отырып, ондағы бірқатар маңызды жайттарды баса атап көрсеткен болатын. 

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді

Алматы мен Талдықорғанда қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі

Елді мекендердің бас жоспарларын бекіту қағидаларына өзгерістер енгізілді

"Заң мен Тәртіп" қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді – Тоқаев

"Йогуртпен ғана тамақтандырған": әйел 1,5 жастағы қызын аштан өлтірді