Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентімен бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады
Сурет: akorda.kz
Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, кездесу барысында мемлекет басшысы жылы қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан Президентіне алғыс білдірді. Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Кездесуде тараптар ынтымақтастықтың барлық бағытында оң ілгерілеу бар екенін айтты.
Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективалы жобалардың іске асырылу барысын талқылады.
Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылды. Кездесуде алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесі де қарастырылды.