Мемлекет басшысы: Қазақстан "Түркі мемлекеттері ұйымы+" форматын құру идеясын қолдайды

Фото: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2025 жылғы 7 қазанда, Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитіне қатысты. Zakon.kz хабарлауынша, Мемлекет басшысы өз сөзінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, саммиттің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Президенттің айтуынша, түркі халықтарының тарихы ортақ тамырдан бастау алады, ал халықтардың ежелден келе жатқан біртұтас тегі бар.

"Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз "Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін" атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Былтырдан бері Ұйымға құрметті Президент Садыр Жапаров бастаған қырғыз елі тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына ризашылығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құрметті Ильхам Гейдар оглудың басшылығымен Әзербайжан тарапына беріледі. Алдағы уақытта да Ұйымымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз", – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтіп, қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанына тоқталды.

"Осындай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған "Түркі мемлекеттері ұйымы+" форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 6 қазанда Әзербайжанның Габала қаласына келді. Ал келесі күні ол конгресс орталығына барып, оны Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қарсы алды.

Қазақстан
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға қатысты көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады

Түркістан облысында болған өрттен 12 адам қаза тапты

Елордалық фельдшер, марқұм Ұлдана Мырзуан "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Ақмарал Әлназарова қызмет бабында қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның отбасына көңіл айтты