Бұл туралы президент 2025 жылдың 14 қазанында өткен парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында айтты.
"Елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Біз бірлесе отырып саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жалғастыруымыз қажет. Алға жылжымай, бір орында тұрып қалуға болмайды", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстанды жаңғырту процесі "Күшті Президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидаты бойынша жалғасын табуы тиіс.
"Бір палаталы парламентке көшу халықаралық үрдіске сай келеді. Қазір әлем елдерінің үштен екісі осындай жүйемен жұмыс істейді. Біз үшін ең маңыздысы – ортақ ұстаным мен байыпты көзқарас. Барлық ұсыныс пен пікір мұқият зерттеліп, жан-жақты қаралады", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл бастаманы инновациялық саяси шешім деп атап, қоғамда қызу пікірталас жүріп жатқанын жеткізді.
"Қазір ел ішінде және әлеуметтік желілерде түрлі пікір айтылуда. Көпшілік бұл бастаманы пісіп-жетілген мәселе деп санайды. Тіпті, кейбіреулер референдум өткізудің қажеті жоқ дейді. Ал енді бір топ бұл реформаны созбай, тезірек жүзеге асыру керек деген пікірде. Бірақ бұл – еліміздің тағдырын айқындайтын мәселе. Сондықтан асығыстыққа жол беруге болмайды", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, парламенттік реформа – күрделі әрі жауапты үдеріс, сондықтан ол кең ауқымды қоғамдық талқылаудан кейін ғана қабылдануы тиіс.
"Қазақстан – халық үніне құлақ асатын, Әділетті мемлекет. Бұл – біздің өзгермейтін ұстанымымыз", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.