Михаил Бортниктің айтуынша, қаражаттың негізгі бөлігі еліміз бойынша 10 674 сайлау учаскесінде жұмыс істейтін 70 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады.
"Бұл мақсатқа 8,5 млрд теңге қарастырылған, яғни жалпы соманың 25%. Сонымен қатар, қаржыландыру аясында 47 жаңа сайлау учаскесін ашу, сайлау бюллетеньдерін, плакаттарды және өзге де полиграфиялық өнімдерді басып шығару, әдістемелік материалдар мен сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтер әзірлеу көзделген. Сондай-ақ, сметаға сайлау комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз ету шығындары енгізілген. Оның ішінде байланыс қызметтері, көлік шығындары және басқа да ұйымдастыру шаралары бар", - деді ол.
Шетелдегі дауыс беруді ұйымдастыру үшін де жеке қаржы қарастырылған.
"Жалпы бюджет көлемінің 124,5 млн теңгесі Қазақстаннан тыс жерлердегі 30 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерін жеткізуге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне бөлінді", - деді ОСК мүшесі.
Сондай-ақ ОСК мемлекеттік бюджеттен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үгіт-насихатты қандай да бір қаржыландыру көзделмегенін нақтылады. Бүкіл үгіт-насихат науқаны саяси партиялардың сайлау қорлары есебінен қаржыландырылады.